13:05, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Әзірбайжанда Израильдің Газа секторындағы әрекеттеріне қарсы наразылық митингісі өтті
БАКУ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Кеше Әзірбайжанда, Бакудің шетінде орналасқан Нардаран кентінде Израильдің Газа секторындағы әскери операциясына қарсы наразылық шарасы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жиналған жұртшылық Израильдің Газа секторына қарсы жасап жатқан адамзатқа қарсы әрекетін тоқтатуды талап етті және ресми Тель-Авивтің саясатын қолдап отырған бірқатар мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды айыптады. Осыған байланысты, жиынға қатысушылар Израильден әскери операцияны дереу тоқтатуды талап етті және әлемдік қоғамдастықты таяушығыстағы ахуалды тұрақтандыру үшін шаралар қабылдауға шақырды. Әзірбайжанның Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, қаңтардың 3-інде Израильдің Әзірбайжандағы елшілігінің алдында рұқсат етілмеген акция өтіп, полиция осы жиынға қатысқаны үшін 12 адамды ұстады, олар 12-14 тәулікке қамауға алынып отыр. Бакуде өткен бұл шараға 200-ден астам адам қатысқан.