Әзірбайжанда өтіп жатқан "Baku Cup" турнирінде қазақстандық теннисші ширек финалға шықты
АЛМАТЫ. 20 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Теннистен Әзірбайжанда өтіп жатқан "Baku Cup" турнирінде жұптасып өнер көрсетуде қазақстандық Галина Воскобоева мен румыниялық Моника Никулеску ширек финалға шықты.
Кеше олар грузин спортшылары Татья Микадзе мен София Шапатавадан 6:3, 6:2 есебімен басым түсті. Галина бұған дейін София Шапатавамен дүйсенбі күні алғашқы айналымдағы жекелей сында кездесіп, оны 6:0, 6:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Бүгін ол екінші айналымдағы екінші кездесуін өткізбек.
Жалпы бұл байрақты бәсекенің жүлде қоры 220 мың АҚШ долларын құрайды. Оны жарыстың негізгі кестесінде жекелей сында бақ сынаған - 32 және жұптық сайыста өнер көрсеткен 16 жұп өзара бөліседі.