«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайында ашық есік күндері өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат - Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайында мамырдың 8-інен бастап БАҚ өкілдері арасында ашық есік күндері өтіп жатыр.
Мәдени іс-шара мамырың 18-індегі Халықаралық мұражайлар күніне орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени мұражайының мәліметіне сілтеме жасап. Қорық мұражайы еліміздегі маңызды орындардың бірі. Мұражай құрамында дәстүрлі ислам дінінің көрнекті ғұламасы, рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі бар. Әмір Темір заманынан жеткен тарихи ескерткіш 2003 жылдың маусым айынан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынды. Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда, ондағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі негізінде ашылған мұражайда бүгінде 120-дан аса тарихи-мәдени, діни-рухани, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер бар. Оның ішінде 65-і археологиялық, 35-і діни-рухани, 14-і архитектуралық ескерткіштер. Олардың жалпы қорғау аймағы 562 гектарды алып жатыр. Тарихи-мәдени ескерткіштердің 1-і халықаралық, 50-і республикалық, 63-і жергілікті маңызға ие. Мәдени ескерткіштер мемлекеттік тіркеуге алынған, оларды сақтау және насихаттау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мұражай қорына жиырма мыңнан астам құнды жәдігерлер жинақталып, олар бірнеше ғылыми топқа бөлініп, зерттеу және саралау жұмыстары жүргізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты- мұражайдағы Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлерді, мұражай ісі, бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, Әзірет Сұлтан кесенесіне жерленген қазақтың ел билеген хандары мен билерінің, сұлтандарының, батырларының елі үшін атқарған еңбектерін, сондай-ақ, Түркістан қаласының тарихын насихаттау. Бүгінде ел бірлігі, елдік сананың нығаюы жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу бағытына ұласып отыр. Осыған орай халқымыздың ұлттық тарихында зор рухани игі ықпалы болған мұраларымыздың насихатталуы мемлекеттік маңызы бар ортақ іс. Ашық есік күндері мамырдың 18-іне дейін жалғасады.
Соңғы жаңалықтар