«Әзірет Сұлтан» мешіті БАҚ өкілдеріне ауызашар берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қасиетті Рамазан айында Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешіті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, ауызашар берді.
Ауызашар барысында ең әуелі ақшам намазына азан шақырылып, Құран оқылды. Содан соң «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз сөз алып, оразаның маңызы, ауызашардың артықшылығы туралы біразырақ уағыз айтты. Сонымен қатар, бас имам БАҚ өкілдерінің дін істеріндегі рөліне тоқталып, Хақты таныту жолындағы журналистер жұмысына жеміс тіледі.
Ауызашар барысында ізгі ниеттерін, игі тілектерін білдіргісі келген журналистер де сөз алып, «Әзірет Сұлтан» мешітінің игі істеріне ризашылық білдірді.
Кеш барысында діни әндер шырқалып, термелер де төгілді. Бұнымен қоса, Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайты muslim.kz өзінің «Естімейтіндер де естиді» атты жаңа парақшасының тұсауын кесті. Аталған парақша мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында мылқаулар мәселесіне ден қойып, олардың асыл дінімізге барынша жақындауына мүмкіндік туғызбақ. Жоғары кәсіби сурдоаудармашылар қоғамның бір бөлшегі саналатын есту және сөйлеу қабілетінен айырылғандар үшін діни уағыздарды барынша түсініктірек етпек. «Әсілі, құлақпен ғана естиді дегеніміз дұрыс емес, хақ дінді жүрекпен естуге де болады. Ал біз тек осы жағдайдың дәнекері болуға ниеттіміз», - дейді интернет парақшаны ұйымдастырушылар. Олардың сөзіне қарағанда, мүмкіндігі шектеулі осындай жандар негізінен тиімді құралдың болмауынан көптеген жат ағымның жетегіне кетіп жатыр. Аталған парақшаны ашудағы мақсаттың бірі де соған тосқауыл қою болып табылады.
Ауызашар соңында қонақтарға кәдесый ұсынылып, журналистер жақсы көңілмен тарқасты.