«Әзірет Сұлтан» мешіті сауат ашу курсын бастайды

АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - «Әзірет Сұлтан» мешіті сауат ашу курсын бастамақ.

«Әзірет Сұлтан» мешіті сауат ашу курсын бастайды

ҚМДБ мәліметтеріне қарағанда, дәрістер ер адамдарға да, әйел адамдарға да өткізіледі. Қазақ және орыс тілінде жүреді. Қазіргі уақытта сауат ашу курсына жазылу жүріп жатыр. Курсқа мешітте жазылуға болады. 

Естеңізге сала кетейік, биылғы  6 шілдеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласы күні мерекесі аясында елордадағы Бас мешіт - «Әзірет Сұлтан» мешітін ашты.

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы және «Қазақ елі» монументінің жанынан бой көтерген мешітке бір мезгілде 5 мың адамға дейін, ал мұсылман мерекелерінде 10 мың адамға дейін намаз оқи алады.

«Әзірет Сұлтан» мешіті қазіргі әлемдік сәулет өнерінің барлық талаптарына сай. Тамаша сәулет кешені негізгі ғимараттардан және оған жалғасқан вестибюльді бөлмелерден тұрады. Шатырдың сәулеті классикалық үлгідегі жалпы ауданы 6 мың шаршыметрді құрайтын көп деңгейлі күрделі құрылыс болып табылады. Шатырда диаметрлері 10,45 метрге тең 4 күмбез және диаметрлері 7,3 метрге тең 4 күмбез орнатқан. Мешіттің 4 мұнарасының әрбірінің биіктігі 77 метр. Бас күмбездің биіктігі 51 метр, диаметрі 28 метр. Бұл Қазақстандағы ең үлкен мешіт күмбезі болып саналады.

Мешітте ғибадатханалар, неке қию рәсімін өткізуге арналған бөлмелер, Құран оқуға арналған залдар, мешіт қызметкерлеріне арналған кабинеттер, кітапхана, жалпы саны 130 адамға арналған 5 дәрісхана бар.