«Әзірет Сұлтан» мешітінде Қадір түнін өткізуге он мыңнан астам адам жиналды

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше Астана төріндегі «Әзірет Сұлтан» мешітінде жамағат алғаш рет қасиетті Қадір түнін өткізді. Осынау ғибратты кешті жамағатпен бірге өткізуге он мыңнан астам адам жиналды.

«Әзірет Сұлтан» мешітінде Қадір түнін өткізуге он мыңнан астам адам жиналды

Жаратушы Иеміз бұл түнде жасалған құлшылықты мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдаған. Қадір түні - Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) үмметінен басқа ешбір үмметке берілмеген Алланың сыйы. Сондықтан болса керек, ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысқан ТМД-дағы ең еңселі де сәулетті саналатын Елордамыздың «жауһарына» айналған «Әзірет Сұлтан» мешітіне Қадір түнін күтуге 10 мыңнан астам адам жиналды. Олардың арасында исламды өмір салты санайтын намазхан жамағат та, дәстүрлі дініне мойын бұрған жастар да, еліміздің бірқатар зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен мемлекеттік шенеуніктер де бар.

Жиналған қауым - «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағаты мың айдан да артық бұл түнді ғибрат пен ғибадатқа толы өткізді. Мешітте ең әуелі құптан және тарауық намаздары оқылды, насихат айтылды.

Бұдан соң «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы жамағатты Қадір түнімен құттықтай келе, айлардың сұлтаны, уақыттың ең киелісі - Рамазан айында және оның қасиетті түні - Қадір түнінде қылған құлшылықтары мен жасаған мінәжаттарын Алла қабыл етсін деп тіледі. Бас имам ең әуелі жамағатқа Қадір түнінің қадірін түсіндірді. «Бұл түні адамзатқа ақ жол көрсетуші, екі дүниеде бақытты етуші, Алла Тағаланың пәрмені, киелі де қасиетті кітап - Құран Кәрім түсті. Басқа күндері қанша ғибадат қылсаң да, өз есебімен есептеледі, ал бұл түндегі құлшылық 83 жыл 4 айға пара пар ғибадатқа теңеледі. Алла Тағала бұл түнді ақырзаман үмметіне, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) жамағатына табыс етті. Мұндай нығмет басқа ешбір үмметте болмаған», - деген Қайрат Жолдыбайұлы жамағаттан Отанымыз Қазақстанның тыныштығы, халықтың бірлігі, діни төзімділік, ұлттың тұтастығы сияқты байлығын тілеуді өтінді.

Ол сондай-ақ, Рамазан айында қаншама мұсылмандардың, кәсіпкерлердің мешіт арқылы қайырымдылық жасап, сауапқа кенелгенін де жеткізді. Имам сөз арасында кәсіпкерлердің жұмылдырылуымен және жамағаттың садақасымен мешітте Рамазан айы бойы 12 мыңнан астам адамға ауызашар берілгенін тілге тиек етіп өтті.