Азия әлемдік технология нарығындағы орнын нығайтып келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері жасанды интеллект пен жартылай өткізгіштерге сұраныстың артуына байланысты жоғары технологиялық өнімдердің жаһандық жеткізу тізбегіндегі орнын нығайтып келеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі Jiji Press басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Азия укрепляет позиции в глобальной технологической отрасли
Фото: Digital Edge Indonesia

Аймақ халықаралық технологиялық компанияларды тартып, деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамытып, осы салаға қажетті мамандар даярлауды кеңейтіп жатыр. Бұл үдерістерге Жапония да қатысып, аймақ елдерімен технология және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамытып келеді.

Бұл өзгерістерге әсер етіп отырған факторлардың бірі — АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қайшылықтардың күшеюіне байланысты өндіріс орындары мен жеткізу тізбегін әртараптандыру. Компаниялар жекелеген нарықтарға тәуелділікті азайтып, өндіріс географиясын кеңейтуге ұмтылуда. Бұл ретте Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне де басымдық беріліп отыр.

Малайзияның Джохор штаты деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамытатын маңызды орталықтардың біріне айналып келеді. Мұнда Microsoft, Nvidia және NTT Data сияқты ірі халықаралық компаниялар өз қызметін кеңейтіп жатыр.

NTT Data жалпы қуаты 290 мегаватт болатын деректерді өңдеу орталықтарының кешенін салып жатыр. Оның алғашқы нысанын 2027 жылғы сәуірде пайдалануға беру жоспарланған. Мұндай орталықтардың көбеюіне жасанды интеллект жүйелерінің есептеу қуатына деген сұраныстың артуы себеп болып отыр.

Вьетнам да халықаралық жартылай өткізгіштер нарығындағы рөлін күшейтіп келеді. АҚШ-тың Intel компаниясы өндірістік операцияларының бір бөлігін Коста-Рикадағы кәсіпорнынан Хошиминдегі алаңға көшіруді жоспарлап отыр. Ал Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics компаниясы Вьетнамда жад микросхемаларын өндіру, сынақтан өткізу және қаптау жұмыстарын дамытып жатыр.

Жаңа жобаға бастапқыда 1,5 млрд доллар инвестиция салу көзделген. Кәсіпорын 2027 жылғы қарашада жұмысын бастауы мүмкін.

Сонымен қатар жоғары технологиялық салаларға қажетті мамандар даярлаудың маңызы артып келеді. Вьетнам 2030 жылға дейін жартылай өткізгіштер саласында 50 мың маман даярлауды мақсат етіп отыр. 2025 жылғы қазанда Вьетнам-Жапония университетінде осы бағыт бойынша арнайы білім беру бағдарламасы іске қосылды.

Жапонияның мамандар даярлау ісіне қатысуы аймақтың технологиялық әлеуетін арттыруда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін көрсетеді.

Бұған дейін Қазақстан білім беруде Орталық және Оңтүстік Азияда көш бастағанын жазғанбыз.