«Азия-Авто» зауытының орнына инвестор табылмай жатыр
АСТАНА. KAZINFORM –Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Өскемендегі «Азия-Авто» кәсіпорнының тағдыры туралы пікір білдірді.
«Азия-Авто» кәсіпорны жұмысын тоқтатқан кезде сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов сот процестері өткеннен кейін басқа инвестор келетінін, қазірдің өзінде бірнеше инвестор қызығушылық танытып отырғанын айтқан еді. Ол инвесторлар әлі де «Азия-Автоның орнын басуға дайын ба?» - деп сұрады журналист.
Қанат Шаралапевтың экс-әкімнің сөзі үшін жауап бермейтінін айтты.
«Азия-Автоның» тағдыры туралы айтсақ, әр адам өз айтқан сөзіне жауапты ғой. Әкімнің не айтқанын білмеймін, естімедім. Бірақ, әрине, осындай үлкен территория болса, үлкен ғимарат болса, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілсе, оны пайдалану керек. Босқа қалдыруға болмайды. Дәл қазір бізде министрлік деңгейінде ешқандай инвестордың қызығушылығы жоқ. Бірақ өзіңіз білесіз, кәсіпорынға байланыс әлі сот жүріп жатыр. Сот аяқталғаннан кейін осы кәсіпорынның, ғимараттардың, жер телімдерінің иелерін анықтаймыз. Одан кейін осы кісілермен инвестор іздеуге тырысамыз», - деді ол.
Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев қазіргі таңда кәсіпорынға тиесілі ғимарат пен инфрақұрылымның кімнің меншігінде екенін айтты.
«Қазір сот процесі жүріп жатыр. Мүліктің бәрі бұғаттаулы. Біздің министрлік пен қаржыландырған банк жәбірленуші тарап ретінде сотқа қатысып жүр. Соттың шешімі әлі шыққан жоқ. Бірақ мүлік бұғаттаулы», - дейді министрлік маманы.