Азия банкі Қазақстанға қаржы құя ма: Құрылтай маңызды келісімді бірінші оқылымда қарайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан инфрақұрылымын дамытуға жаңа инвестиция тартудың мүмкіндігі кеңеймек. Құрылтай депутаттары Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарайды. Құжат көлік, энергетика, цифрлық байланыс және басқа да маңызды салалардағы жобаларды қаржыландыруға жол ашып, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.

Азия банкі Қазақстанға қаржы құя ма: Құрылтай маңызды келісімді бірінші оқылымда қарайды
Фото: Құрылтай

Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы отырыстың күн тәртібі белгіленді. 

Келісім инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге және неғұрлым шұғыл жобаларға мемлекет шығыстарын қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Сонымен қоса бұл құжат қаржыландырудың басым секторларын айқындауға, сондай-ақ жобаларды іске асыру рәсімдерін оңтайландыруға тиіс.

Келісімді ратификациялау Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен арадағы бірлескен бастамаларды іске асырудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл ретте, Қазақстанға көлік, энергетика, цифрлық байланыстар және экономиканың басқа да секторларындағы жобаларды қаржыландыру үшін ұзақ мерзімді инвестициялар тарту мүмкіндгі беріледі.

Бірінші оқылымда 1959 жылы 20 сәуірде Страсбургте жасалған Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы да қаралады. Конвенцияға қосылу Қазақстанға еліміздің құқық қорғау органдарының өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер алуға және заңсыз жолмен алынған шетелге шығарылған активтерді елге қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл қылмыстық істерді, соның ішінде трансұлттық қылмыспен байланысты істерді тергеудің жеделдігі мен тиімділігін арттырады.

Бюро сондай-ақ І шақырылған Қазақстан Республикасы Құрылтайының өкілеттігін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспарға елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына, өңірлерді дамытуға, бизнесті, ауыл шаруашылығын, ғылым мен цифрландыруды қолдауға, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға тікелей байланысты мәселелер енгізіліп отыр.

Іс-шаралар жоспарында Құрылтайдың тыңдаулары, Жоғары аудиторлық палатаның есептері, «Үкімет сағаттары», комитеттердің көшпелі отырыстары, «дөңгелек үстелдер», комитеттердің тақырыптық отырыстары, парламентаралық және халықаралық қызмет сияқты бөлімдер кіреді.

Сонымен қатар, Бюро отырысында Қазақстан Республикасы Құрылтай Төрағасының жанынан Депутаттық әдеп кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына Құрылтайдағы барлық тұрақты комитеттердің, сондай-ақ барлық саяси партиялар фракцияларының өкілдері кірді.

Айта кетейік, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр. Бұл туралы Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру кезінде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты.