Азия чемпионаты: Қазақстандық 15 жасқа дейінгі боксшылар 6 медаль алды

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания астанасы Амман қаласында 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті.

Қазақстандық 15 жасқа дейінгі боксшылар 6 медаль алды
Фото: Pixabay.com

Құрлықтық дода World Boxing аясында алғаш рет өтті. Онда еліміздің ұлдар және қыздар құрамалары барлығы 6 алтын медаль алды. Оның 4-еуі ұлдарға бұйырса, 2-еуі қыздардың еншісіне тиді.

Құрлықтық додада ұлдарда Дамир Жаншиликов (33 келі), Шыңғыс Ахметов (49 келі), Нұрбақыт Төрегелді (55 келі), Нұрислам Ташмағанбетов (70 келі) чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ал Біржан Жақып (37 келі), Қуаныш Халимбет (40 келі), Жандос Қалқанов (58 келі), Нұрасыл Хасан (67 келі), Темірлан Казыев (70 келі) күміс жүлдеге қол соқса, Мейіржан Шәді (64 келі) үздік үштікті түйіндеді.

Аталған құраманың аға бапкер міндетін Жақсылық Молдаханов атқарады. 

Ал 15 жасқа дейінгі қыздар құрамасы сапынан Ақерке Далабай (64 келі) мен Жансая Ержан (70 келі) жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Айару Оңғарбек (33 келі), Әнел Ордабек (35 келі), Томирис Сатыбалды (40 келі), Медина Абылқасым (46 келі), Мадина Сапар (55 келі), Айлин Ходжамбердиева (61 келі), Зиада Сүйеналы (67 келі), Перизат Мәлік (70 келіден жоғары) күміс жүлдегер болса, Дана Оразбекқызы (37 келі), Айару Файзуллаева (52 келі) мен Ясмин Джаутханова (58 келі) қола медаль алды.

Оларды жарысқа аға бапкер Айбек Әбілда дайындады.

Құрлықтық додада 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамалар арасында алтын жүлде саны жөнінен Үндістан 11 медальмен көш басында тұрса, одан кейінгі орында Өзбекстан — 7, Қазақстан — 6, Украина — 3, Түркіменстан, Бахрейн, Ирак — 1 медальмен орналасты.

Еске салсақ, бұдан бұрын Ресейдегі турнирде бокстан әйелдер құрамасы алтын жүлдесіз қалды.

Соңғы жаңалықтар