Ресейдегі турнирде бокстан әйелдер құрамасы алтын жүлдесіз қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Хабаровск қаласында өтіп жатқан бокстан Константин Коротковты еске алуға арналған турнирде әйелдер құрамасы алтын жүлдесіз аяқтады.

Ел құрамасынан әйелдер арасында қазақстандық үш былғары қолғап шебері финалда бақ сынаған еді. Олардың үшеуі де қарсыластарына есе жіберіп, турнирдің күміс медалін қанағат тұтты.
Финалда Айдана Забынбекова (57 келі) Солтүстік Кореядан келген Сок Хен Ку, Ұлдана Таубай (66 келі) сол елдің тағы бір өкілі Су Хе Хоангқа 0:5 есебімен есе жіберді.
Ал Римма Волосенко (60 келі) ресейлік Ирина Автинадан 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді.
Енді ерлер құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі) ресейлік Денис Пальшин, Сағындық Тоғамбай (92 келі) Сергей Слободян, Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) ресейлік Орудж Мамедовпен қолғап түйістіреді.
Айта кетсек, халықаралық турнир биыл он алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсеке 20 сәуірге дейін жалғасады.
Еске салсақ, бұдан бұрын аталған турнирде Сәкен Бибосынов (54 келі) финалға жолдама алды.