Азия чемпионаты: Қазақстанның боксшы қыздары бір күнде 5 алтын алды

бокс қыздар
Фото: Instagram/boxingkazakhstan

Астана қаласында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық қыздар бүгін бес алтын алды, деп хабарлайды Kazinform.

Жастар арасында финалға шыққан бес қазақстандық боксшының бәрі де жеңімпаз атанды.

Алдымен 50 келіге дейінгі салмақта Элянур Тұрғанова үндістандық Аншудан жеңісті жұлып алды.

Ұлжан Сәрсенбек 57 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Муштариубони Иброхимжоноваға үш раунд бойы соққыларын дәл тигізіп, екі мәрте Азия чемпионы атанды.

Әсем Таңатар 63 келіге дейінгі салмақта үндістандық Дипамен тартысты бәсекеде 4:1 есебімен басымдылық танытты.

Бақыт Сейдіш 66 келіге дейінгі салмақта өткен жылы Азияда үздік шыққан еді. Биыл сол табысын қайталап, соңғы бәсекеде үндістандық Кажалға еш мүмкіндік қалдырған жоқ.

спорт
Фото: Instagram/boxingkazakhstan

Шұғыла Нәлібай 75 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Санобар Бозорбоеваны алғашқы екі раундта-ақ үш рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен жеңді.

Осылайша, жасөспірімдерді қосқанда, Қазақстан қоржынына 11 алтын медаль түсті.

Енді бәсекені жас жігіттеріміз жалғастырады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Қазақстан жасөспірімдерінің жалпы есепте 2-орын алғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар