Азия чемпионатында ауыр атлеттер 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алуды жоспарлап отыр
АЛМАТЫ. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -Қытайдың Тонг Линг қаласында 11-18 сәуір күндері ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтеді.
ҚР Ауыр атлетика федерацияның бас хатшысы Меңдіхан Тәпсірұлының айтуынша, құрлықтық бұл дүбірлі додада қазақстандықтар 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алуды жоспарлап отыр.
«Онда ел намысын ерлер арасында - 8, әйелдер арасында 4 спортшы қорғайтын болады. Атап айтқанда, ерлер арасында Валерий Цой (62 кг),
Кирилл Павлов, Дәурен Шәутиев (77 кг), Владимир Кузнецов (85 кг), Алмас Өтешов, Владимир Седов (94 кг), Сергей Истомин, Ибрагим Берсанов (105 кг) және Станислав Капитовты резервті ұстап отырмыз. 94 пен 105 келі салмақтағы атлеттердің қайсы бірінде оқыс жағдай болса солардың орнына шығуы мүмкін. Ал әйелдер арасында бұл жолы Светлана Виноградова, Татьяна Костенко (58 кг), Татьяна Хромова (75 кг) және аса ауыр салмақта Александра Аборневаға үміт артылуда», дейді Меңдіхан Тәпсір. Оның сөзіне қарағанда, ұлттық құраманың алғашқы тобы Азия чемпионатына 8 сәуірде, ал екінші тобы 11 сәуірде аттанбақ. Онда зілтеміршілердің негізгі сайыстары 12-17 сәуір күндері өтеді деп жоспарлануда.