Азия чемпионатында бүгін тоғыз қазақстандық боксшы финалға шығу үшін таласады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Иордания астанасы Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін әйелдер арасында жартылай финалдық жекпе-жектер өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстаннан тоғыз боксшы финалға шығу үшін таласады.

Астана уақытымен сағат 16.00-де басталатын күндізгі сессияда екі мәрте әлем чемпионы Назым Қызайбай (50 кг) екінші жұпта жапониялық Намики Цукимимен шеберлік байқасады.

Содан кейін төртінші жұпта Жайна Шекербекова (54 кг) тайваньдық Хуан Сяо Веньмен, Мәдина Нұршаева (66 кг) оңтүстіккореялық Чой Хон Гюнмен (8-жұп), Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) үндістандық Альфия Тараннуммен (11-жұп) қолғап түйістіреді.

Сағат 21.00-де басталатын кешкі сессияда бірінші болып Алуа Балқыбекова (48 кг) шығады. Оның қарсыласы – өзбекстандық Фарзона Фозилова.

Сондай-ақ Жазира Орақбаева (52 кг) жапониялық Ринка Киноситемен (4-жұп), Карина Ибрагимова (57 кг) филиппиндік Нести Петесиомен (6-жұп), Дариға Шәкімова (70 кг) тағы бір тайваньдық Чень Ньен Чиньмен (10-жұп) кездеседі. Қазақстандықтар үшін бокс кешін Гүлсая Ержан (81 кг) Вьетнам өкілі Тхи Хуонг Нгуенмен (11-жұп) түйіндейді.

Бұл Азия чемпионатында барлығы 21 қазақстандық боксшының жартылай финалға жолдама алғаны белгілі. Жартылай финалдық жекпе-жекті ерлер ертең өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатын Қамшыбек Қоңқабаевтың жеңіспен түйіндегенін жазған болатынбыз.

Фото: assets.telegraphindia.com
Соңғы жаңалықтар