Азия чемпионатында қазақстандық баскетболшылар Үндістан құрамасынан басым түсті
АЛМАТЫ. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Баскетболдан Қытайдың Тяньджин қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық баскетболшылар алғашқы жеңісіне қол жеткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Виталий Стребков жаттықтыратын ел құрамасы жарыстың алғашқы күні Катар құрамасына 62:77 (12:15, 18:23, 13:15, 19:24) есебімен есе жіберген еді. Екінші ойында 74 - 56 (26:14, 13:11, 14:11, 21:20) есебімен жарыс қожайындарына ұтылып қалды. Тек үшінші кездесуде ғана үндістандықтардан 72:74 есебімен басым түсті. Ал С тобындағы өзге командалардың ойынына келсек Катар баскетболшылары екінші ойында үндістандықтардан (95 - 70) басым түскенмен, үшінші ойында қытайлықтардан (92:61) ұтылып қалды. Ал үндістандықтар қытайлықтардан (49:121), катарлықтардан (70:95), қазақстандықтардан 72:74 есебімен ұтылды. Бүгін Қазақстан - Иорданиямен, Үндістан - Индонезиямен, Катар - Ливанмен күш сынасады. Қазақстандықтардың келесі ойыны ертең БАӘ құрамасымен өтеді.