Азия чемпионатында қазақстандық самбошылар командалық есепте ерлер арасында - бірінші, әйелдер арасында екінші орын алды

АЛМАТЫ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар командалық есепте ерлер арасында бірінші, әйелдер арасында 2-ші орын алды,



Азия чемпионатында қазақстандық самбошылар командалық есепте ерлер арасында - бірінші, әйелдер арасында екінші орын алды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Керей Қойшыбек жаттықтыратын ерлер құрамасы бұл дүбірлі додада 4 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге ие болды. Алматылық Азамат Мұқанов (68 килә) пен Павел Лысенко (+100), оралдық Ерболат Байбатыров (57 килә) және шығысқазақстандық Саят Шәмшиев (81 килә) Азия чемпионы атанды. Ал астаналық Алмас Сүлейменов (52 килә) - күміс, алматылық Дәурен Жайнақов қола жүлдегер болды. Командалық есепте қазақстандықтар бірінші, өзбекстандықтар екінші, тәжікстандықтар үшінші орынды еншіледі. Тимур Есеев жаттықтыратын әйелдер құрамасы болса, командалық есепте жарыс қожайындарын ғана алға жіберіп алды. Ал үздік үштікті ресейліктер түйіндеді. Аса тартысты өткен бұл сайыста ел қоржынына олар 2 алтын, 5 күміс медаль салды. Құрамадағы 9 спортшының жетеуі ақтық сында өнер көрсетіп, шығысқазақстандық Меруерт Тұяқбаева (60 килә) мен астаналық Динара Оразбекова (80 килә) Азия чемпиондары атанды. Маусымның 6-сы күні өз жалауын түсіретін бұл байрақты бәсекеде енді жасөспірімдер мен жастар құрамалары күш сынасуда.