Азия чемпионатының алғашқы күнінде қазақстандық балуандар бес медальға ие болды
АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Моңғолияда өтіп жатқан кадеттер арасында грек-рим күресінен Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде қазақстандық балуандар бес медальды қоржынға салды. Бұл туралы Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап vesti.kz хабарлады.
Құрама қоржынына екі алтын жүлдені Айдос Сұлтанғали және Темірлан Шадуқаев салды. Алғашқысы 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда Камариндин Зауриндиновті (Өзбекстан) жеңді.
Шадуқаев 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жарыста турнир жолын жеңіліссіз өтті - және барлық үш кездесуде де Темірлан қарсыласқа ұпай ұстатпастан жеңіп шықты: ол Минг-Лианг Вангты (Тайпей), Манджит Далалды (Үндістан) және Кейван Ризаи Далиниді (Иран) жеңіп, мерейі үстем болды.
Зелимхан Усманов (42 келіге дейін) және Елнұр Мұхамеджан (54 келіге дейін) турнирдің күміс жүлдегерлері атанды. Азамат Бисенғалиев (46 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.