Азия даму банкі Қазақстандағы апат қаупі бар үйлерді сақтандыруға қарыз бөлуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет табиғи апат қаупі жоғары елді мекендердің картасын әзірлеп, ондағы тұрғындарды иелігіндегі баспананы сақтандыруға міндеттемекші. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтылған.

- Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауы бойынша, Қазақстан аумағының 75%-ы түрлі табиғи апаттар алдында осал. Бірақ тұрғын үй ғимараттарының табиғи апаттардан сақтандырылу деңгейі өте төмен күйде қалып отыр. Республика бойынша тұрғын үй ғимараттарының 3,2%-ы ғана, Алматы қаласында 7,7%-ы ғана сақтандырылған, - деп жазылған жауапта.
Олжас Бектеновтің мәліметінше, былтырғы тасқын қауіпті аймақтардағы нысандардың басым бөлігі сақтандырылмағанын көрсетіп кеткен.
- Бұл орайда сақтандырылған нысандарға сақтандыру ұйымдары 709,6 млн өтемақы төледі. Тағы 132,9 млн теңге төлену керек. Былтыр Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге және халықаралық сарапшылармен бірлесіп табиғи апаттарды мемлекет-жеке меншік әріптестігі аясында басқарудың кешенді жүйесін құруға бағытталған ұсыныстар әзірледі. Бұл жүйенің бюджетке артатын салмағын азайту үшін Азия Даму банкі апат қаупі жоғары өңірлерде (2 қала мен 13 облыста) баспананы сақтандыруды міндетті етуді ұсынды. Бюджет қаражаты мен сыртқы қарыздар есебінен сақтандыру жүйесі халықты апаттардан қорғауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге заңнамаға баспананы табиғи апаттан міндетті сақтандыру бағытында түзету әзірлеп жатыр. Сонымен бір мезетте табиғи апаттар алдында осал өңірлердің картасы жасалып, азаматтардың тұрғын үй мүлкі түгенделіп, жылжымайтын мүліктер базасы жаңартылып жатыр, - деп жазады Премьер-министр.
Бұған дейін Kazinform елімізде жылжымайтын мүлікті сақтандыру құны қанша тұратынына шолу жасаған еді.