Азия Даму Банкі Қазақстанға 125 млн. доллар қарыз береді

АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне қатысты Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын өндіріске алды.

Азия Даму Банкі Қазақстанға 125 млн. доллар қарыз береді

«Келісім Азия даму банкінің қазақстанға «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі шеңберінде Шымкент-Ташкент учаскесін дамыту үшін қарыз беруді көздейді. Келісімге сәйкес, 125 млн. доллар сомасындағы қарыз Қазақстанға 16 жылға беріліп отыр», - дейді заң жобасы бойынша түсінік берген халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Жалпы, Азия Даму Банкі қарызы «Шымкент - Ташкент» жолы шеңберінде 705 шақырым және 742 шақырым арасындағы ұзындығы 36,7 шақырым жол учаскесін қайта жөндеуге жұмсалады. Жобаны жүзеге асыру еліміздің көліктік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етіп, халықаралық дәліздің қазақстандық бөлігі бойынша қозғалыс қарқынын айтарлықтай арттырады.

Бұл өз кезегінде транзиттік жүктердің жүк айналымын ұлғайтуға ықпал етеді және барлық деңгейдегі бюджеттердің кірістерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.