Азия Даму Банкінен алынған қарыз бюджет тапшылығын жабуға жұмсалады - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Қарсы циклдік дамуды қолдау) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Азия Даму Банкінен алынған қарыз бюджет тапшылығын жабуға жұмсалады - Мәжіліс

Аталған келісімге 2015 жылдың 18 қарашасында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес қол қойылған.

«Бұл ретте 1 млрд. АҚШ доллары сомасындағы Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісім аясындағы қаражат 2016 жылға арналған бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Тұтастай алғанда, қаражат елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын қолдауға және Үкіметтің экономиканы ынталандыру және экономикалық өсуге ықпалдасу жөніндегі стратегиялық шараларының орындалуына мүмкіндік береді», - деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, Азия Даму Банкінің 1 млрд. АҚШ доллары сомасындағы қарызы 3 жылдық жеңілдік берілетін кезеңді қоса алғанда, 5 жыл өтеу мерзімімен ұсынылған.

«Көрсетілген қарыз қаражаттарының бекітілген бюджет тапшылығы жағдайындағы қажеттілігін ескере отырып, аталған келісімнің тез арада күшіне енуі маңызды саналады. Өйткені, қарыз Азия Даму банкінің арнайы қорында Қазақстан Республикасы үшін 2015 жылға резервтелген», - дейді министр.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.