Азия Даму Банкінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізіне 112 млн. доллар қарыз алынады - заң жобасы

АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (жай операциялар, (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі, Жамбыл облысындағы жол учаскесі, (Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізі) Инвестициялық бағдарлама - 4 жоба) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Азия Даму Банкінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізіне 112 млн. доллар қарыз алынады - заң жобасы

Енді құжат Парламент Сенатына жіберіледі.

Аталған келісімге 2011 жылғы 7 маусымда Астана қаласында қол қойылған. Келісімнің мақсаты елдің көлік әлеуетінің дамуын қамтамасыз ету үшін қарыз тарту болып табылады. Бұл шара өз кезегінде халықаралық транзиттің қазақстандық дәліз бөлігінде жол қозғалысының қарқынын едәуір арттырып, ел бюджетінің барлық деңгейінің кіріс бөлігін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Осы ретте келісімге сәйкес, Азия Даму Банкі қарапайым капиталдағы ресурстарынан Қазақстан Республикасына 112 млн. АҚШ доллары сомасында қарыз береді. Қарызды өтеудің мерзімі 4 жылдық жеңілдікті қоса алғанда 20 жыл. Пайыздық ставкасы пайызды есептеудің әрбір кезеңіне шаққанда 0,3 пайызға тең. Міндеттеме үшін комиссия 0,15 пайызды құрайды.

Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметінің бірлесіп қаржыландыруы 18,76 млн. доллардан аспайды. Ал республикалық бюджет қаражаты құрылыс жұмыстарын, сондай-ақ салық төлеуді бірлесіп қаржыландыруға жұмсалатын болады.

Келісім шеңберінде жобаның бірқатар құрамдас бөліктерін де қоса жүзеге асыру көзделеді. Атап айтқанда жолдың Жамбыл облысының аумағы арқылы өтетін дәлізінің учаскесін Аспара кентінен бастап Благовещанка кентіне дейін ұзындығы 40 шақырым болатын Тараз-Қордай жолы учаскесі бойынша қайта жаңарту қарастырылады.