Азия халқының 20 пайызы кедейшілікте өмір сүруде - АДБ президенті Такехико Накао
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азия халқының 20 пайызы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші отырысында АДБ президенті Такехико Накао мәлім етті.
«АДБ-ның 2020 жылға дейінгі стратегиясының ортамерзімді шолуында атап көрсетілгендей, өңірдегі негізгі мәселе кедейшілікпен күрес болып қалуда. 700 миллионнан астам адам кедейшілікте өмір сүруде, яғни тәулігіне 1,25 долларға күн көруде. Бұл көрсеткіш Азия халқының 20 пайызын және барша әлемдегі кедей халықтың жалпы көлемінде 60 пайызын құрайды», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, 1,6 млрд. адам тәулігіне 2 доллардан кем қаржыға күнелтуде. Олар жұмысынан айырылу, егістіктердің өнім бермей қалуы, инфляция секілді жоғары тәуекелдерге ұшырағыш болып келеді. Өңірдегі елдердің ішінде және олардың арасында теңсіздіктің үлесі артып келеді.
«АДБ мақсаты - қатысушы дамушы мемлекеттерге кедейшілікті жоюға көмектесу және теңсіздікті қысқарту үшін өсімнен түскен игілікті халықтың түрлі топтарына таратуға қолдау көрсету», - деді Такехико Накао.