Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінің мүшелер саны 77-ге жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіне (АИИБ) мүше-мемлекеттер саны 77-ге жетті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА қытайлық «Жэньминь жибао» газетіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінің мүшелер саны 77-ге жетті

«13 мамырда Бейжің қаласында АИИБ Басқарушылар кеңесі банктің құрамына 7 жаңа мүшесін қабылдауды мақұлдағанын жария етті. Осылайша АИИБ мүшелер саны 77-ге дейін ұлғайып отыр», - деп жазады «Жэньминь жибао».

АИИБ Президенті Цзинь Лицюньнің айтуынша, мақұлданған өтінімдердің үшеуі бұған дейін күтілген өңірлік мүшелер саналатын Бахрейн, Кипр және Самоа тарапынан болса, қалған төртеуі өңірлік емес мүшелер Боливия, Чили, Грекия мен Румыния болып отыр.

Аталған 7 ел АИИБ қатысты барлық қажетті ішкі процедураларды аяқтағаннан соң және банкке алғашқы жарналарын енгізгеннен кейін ресми мүшелікке өтеді.

Айта кетерлігі, АИИБ ресми жұмыс бастағалы бері ағымдағы жылдың наурыз айында алғаш рет өзіне жаңа 13 мүшені қабылдаған болатын. Осылайша, банктің мүшелер саны 57 елден 70-ке артқан еді. Сонымен қатар, АИИБ алдағы уақытта да жаңа қатысушыларды қабылдауға ашық екенін мәлімдейді.

Осылайша Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі (Asian Infrastructure Investment Bank) құрамына 77 ел кіріп отыр. 2015 жылдың 29 мамырында Банкті ашу туралы келісімге қол қойылған болатын. Банк инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін құрылған. Оның жарғылық капиталы 100 миллиард долларды құрайды.

Қазақстан АИИБ құрылтайшыларының бірі болып, банкті құруға белсенді қатысты. АИИБ құру Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларға қосымша инвестициялар тартуға, оның ішінде Қазақстанда Дүниежүзілік банк, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі, Азия Даму Банкі сияқты көпжақты банктердің қызметін толықтырады.