Азия Олимпиадалық кеңесі Индира Бектеноваға диплом мен медаль табыс етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Корея Республикасының Инчхон қаласында өткен XVII жазғы Азия ойындарынан жедел ақпарат таратып, Азия континентіндегі олимпиада қозғалысынын дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін Азия Олимпиадалық кеңесі «KazSPORT» телеарнасының редактор-жүргізушісі Индира Бектеноваға алғыс білдірді, деп хабарлады «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметінен.

Азия Олимпиадалық кеңесі Индира Бектеноваға диплом мен медаль табыс етті

Аталған спорт додасын дүйім жұртқа жариялаған бір топ отандық журналистердің арасынан суырылып шығып, Азиялық Олимпиада Кеңесінің президенті Шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах мырзаның атынан Индира Бақытжанқызына диплом мен естелік медаль табыс етілді. Құрмет-қошамет көрсету арқылы Ойындарды Ұйымдастыру комитеті қазақстандық журналистердің еңбегіне жоғары баға беріп отыр.

Индира Бектенова - «KAZsport» телеарнасының редакторы, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының спорт жаңалықтарының, «Таңшолпан» бағдарламасының таңғы жаттығулар айдарының, Қазақ радиосында «Sport.kz» бағдарламасының жүргізушісі. Ол Сочиде өткен Қысқы Олимпиада ойындары мен Инчхонда аяқталған Жазғы Азия ойындарынан қазақстандық көрермендерге хабар таратты. «Индира спортқа кездейсоқ келген жоқ. Ол каратэ до шотокан бойынша ҚР Кубогінің иегері, каратэ до шотокан бойынша ұлттық дәрежедегі төреші, каратэден қара белбеудің иегері, джеткундо бойынша қара белбеу иегері», делінген хабарламада.