Азия ойындары: Асланбек Шымбергенов өзбекстандық боксшыны нокаутпен жеңді

Азия ойындары: Асланбек Шымбергенов өзбекстандық боксшыны нокаутпен жеңді
Фото: ашық дереккөз

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық боксшы Асланбек Шымбергенов жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қазақстандық боксшы ширек финалда 71 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхуджаевпен жұдырықтасты.

Екі спортшы да әлем чемпионы, сондықтан жекпе-жек тартысты болды.

Алғашқы екі кезеңде төрешілер шешімімен өзбекстандық боксшы алда тұрды. Бірақ соңғы раундта Асланбек қарсыласын үш рет нокдаунға жіберіп, рефери кездесуді тоқтатты.

Осылайша, Асланбек Шымбергенов кемінде қола жүлдеге қол созады. Бірақ ол енді алтын үшін барын салатыны анық.

Кешкі сессияда Валентина Хальзова 75 келіге дейінгі салмақта қытайлық Цянь Лиден жеңіліп қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қамшыбек Қоңқабаевтың Азия ойындарының 1/2 финалына өткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар