Азия ойындарына қатысқан үш қандасымыз да жүлде алды - шетелдегі қазақ баспасөзі

«ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

спорт
Фото: kazakcnr.com

Азия ойындарына қатысқан үш қандасымыз да жүлделі орынға ие болды - CNR

Осы жолғы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарына қатысқан шыңжаңдық 4 қазақ спортшының үшеуі жүлделі орындарға қол жеткізді.

Атап айтқанда 5 қазан күні кешке Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ерлер боксының 80 келі салмақ дәрежесіндегілердің ақтық сайысында қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанұлы Филиппин боксшысын қапы қалдырып, өз салмақ дәрежесінің алтын медалін жеңіп алды, - деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.

Азия ойындары
Фото: mp.weixin.qq.com

«Ол Қытай бокс командасындағы шыңжаңдық спортшылардың Азия ойындары жарысындағы ең жақсы нәтижесіне қол жеткізді», деп жазады CNR.

Қытайлық дереккөздің мәліметінше, сонымен қатар осы жолғы Азия ойындарында ерлер арасындағы бокста 92 келі салмақ дәрежесінде қытайлық Байқоныс Данабекұлы қола медальды еншілеген.

Байқоныс
Фото: Фото: mp.weixin.qq.com

 

Сондай-ақ, Кабиран Абушайманұлы атты балуанда үздіктер қатарынан көрініп, Азия ойындарында қола медальді жеңіп алған. 

Абушайман
Фото: Фото: https://mp.weixin.qq.com/

 

7 қазан күні ерлер 97 келі салмақтағы еркін күрестен қола медальға таласқан. Қытай спортшысы Кабиран Абушайманұлы қарсыласы Оңтүстік Кореялық шеберді екі майданда да жеке-жеке бір нөмірден ұтып, 2:1 есебімен қола медальға ие болды.

Ташкентте «Алаштың асыл арыстары» атты халықаралық көрме ашылды - «ӨзА»

Алаш
Фото: uza.uz

2023 жыл 4 қазан күні Ташкент қаласындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінде «Алаштың асыл арыстары» атты халықаралық көрме ашылды.

Атаулы көрмені Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейі бірлесіп өткізген, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Алаш
Фото: uza.uz

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, оған ағартушы-ғалым, дәрігер, Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін, жоғары білім беруді және баспа ісін алғаш ұйымдастырушылардың бірі Халел Досмұхамедовтың 140 жылдығы мен ақын, драматург, аудармашы, педагог Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Алаштың асыл арыстары» халықаралық көрмесін ұйымдастырған.

Көрменің мақсаты Алаш қайраткерлерінің өнегеге толы өмір жолдарын насихаттау, екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастық пен мәдени байланысты нығайту және музей мамандарының тәжірибе алмасуына жол ашу.

Алаш
Фото: uza.uz

Айта кетейік, бұл көрмеге қазақтың біртуар азаматтары Халел Досмұхамедов пен Мағжан Жұмабаевтың өмір жолынан сыр шертер архивтік құжаттармен қатар ұлы тұлғалардың ұстап-тұтынған жеке заттары, кітаптары қойылған. Сонымен бірге Алашорда қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллиннің жеке кешендері негізінде 50 сақтам бірлік музейлік заттар мен қатар ақпараттық стенділер көрмеге келушілерге ұсынылған.

Халықаралық көрмені 2023 жылдың 4-11 қазан күндері аралығында Ташкент қаласындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейіне барып тамашалауға болады.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігінде «Өзбекстаннан тәжірибесі негізінде Қазақстанда піллә шаруашылығы дамытылмақ» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді. 

Өзбекстан
Фото: uza.uz

Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, «Узбекипаксаноат» бірлестігінің төрағасы О.Жумаев бастаған делегация мүшелері Қазақстан Республикасы Түркістан облысы әкімінің шақыруымен осы өңірге барған.

Сапар барысында делегация мүшелері Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдымен кездесіп, ынтымақтастық қарым-қатынас орнату мәселелерін талқылағаны туралы жазады «ӨзА».

Кездесуде Түркістан облысында піллә шаруашылығын кешенді дамыту бойынша өңірлік бағдарлама мен құқықтық құжат жобасын (Үкіметтің қаулысы деңгейінде) әзірлеуде Өзбекстан тарапынан ұсыныстар мен практикалық көмек көрсетілуі белгіленді .

Сондай-ақ жібек құртының азық базасын дамыту үшін Өзбекстаннан жоғары сапалы тұт көшеттерін жеткізу және Өзбекстаннан жібек өсіру, тұт өсіру, піллә өсіру және піллә өңдеу салаларына тәжірибелі мамандарды тартуға келісілген.

3000 шақырымды жаяу жүріп Бейжіңге барды - CNR

Осы аптада «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталында Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Бейжіңге жаяу барған Серік Қариұлы есімді қазақ азаматы туралы ақпарат жарық көрді.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Серік Қариұлы атты 2023 жылы 1 тамыз күні Шыңжаңның Баркөл қазақ автономялы ауданынан жаяу жолға шығып, екі айдай уақытта Қытай астанасы Бейжіңге жеткен.

Серіктің бұл жолғы жаяу жүріп өткен жолы 3000 шақырымды құрайды.

Шыңжаң
Фото: mp.weixin.qq.com

«С. Қариұлы 1 қазан күні Бейжің қаласындағы Тяньаньмэнь алаңындағы ту шығару салтанатына қатынасып, бала күнгі өз арманын орындаған», деп жазады қытайлық басылым.

Айта кетейік, Серік Қариұлы 1995 жылы Баркөл қазақ автономялы ауданында дүниеге келген. Ол 2017 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

Өз кәсібінің шебері – Арнұр Мельсқызы - Janadauir.com

Арнұр Мельсқызы
Фото: janadauir.com

Қазіргідей жаһанданған, бәсекелестік көп ортада өзінің қоғамдағы орнын айшықтап, жақсы тіршілік етіп отырған жандар көп. Соның ішінде өзінің адал еңбегімен отбасын асырап отыру – үлкен жетістік. Солардың бірі – Мельсқызы Арнұр. Ол аймағымыз орталығындағы «Панда» шаштаразының қожайыны. Осы кәсіппен айналысқанына 10 жылдан астам уақыт болған. Енді назарларыңызға Арнұр ханыммен өткізілген сұхбатты ұсынамыз, деп жазады моңғолиялық Janadauir.com сайты.

Аталған басылым заман көшінен өз жолын тапқан Арнұр Мельсқызынан алған сұхбатын жариялаған. Жас кәсіпкер тілші сұрағына орай өзінің жеткен жетістіктерін айтып берген.

Қазақ жазушысының түрік тіліне аударылған кітабы таныстырылды «TRT»

Жасыл белес
Фото: trt.net.tr

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі және Еуразия Жазушылар одағымен бірлесе отырып белгілі қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың туғанына 110 жыл толуына арналған конференция және түрік тіліне аударылған «Жасыл белес» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойдың Анкарадағы штаб-пәтерінде Рахметолла Райымқұловтың түрік тіліне аударылған кітабы таныстырылды.

Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Шараға қатысқан Түріксой Бас хатшының орынбасары Сайит Юсуфтың айтуынша, биыл Түріксой 30 жылдық мерейтойын тойлап жатыр. Аталған ұйым 30 жыл бойы мәдениетті барынша насихаттауға атсалысып келеді, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Әрине, бұл істерді жалғыз емес, Түрік әлемінің құнды тұлғаларымен, Түркиядағы үкіметтік емес ұйымдармен, ғалымдармен және басқа да бауырлас ұйымдармен бірлесе отырып жүргізіледі.

Басқосуда Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы, консул Нышангүл Қаратаева сөзінде қазақ жазушы Рахметолла Райымқұловтың маңызды шығармалары мен оның атқарған жұмыстарына тоқталған.

Жасыл белес
Фото: trt.net.tr

Кітап таныстыруына арнайы барған «Қазақконцерт» басшысы Ақтоты Райымқұлова әкесі Рахметолла Райымқұловтың 110 жылдығына орай өткізілген конференцияға және түрік тіліне аударылған «Жасыл белес» кітабының тұсаукесеріне ризашылығын білдірген.

«Құттықтау сөздерден кейін «Жасыл белес» кітабының лентасы қиылып, артынан қатысушылар қазақстандық танымал «ТҰРАН» этно-фольклорлық музыкалық тобының шағын концертін тыңдады», деп түйіндейді түркиялық БАҚ.