Азия ойындарына қытайлық 4 қазақ спортшы қатысады - шетелдегі қазақ баспасөзі

Спорт
Фото: https://www.sports.ru/

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстан мен Моңғолия Президенттері келіссөз жүргізді – «Kaznews»

Қазақстан Республикасының Қасым-Жомарт Тоқаев пен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен келіссөз жүргізді.

Бұл туралы осы аптада Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы да хабарлады.

Аталған басылымның келтірген дерегінше, келіссөз барысында, Мемлекет басшылары Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тығыз әрі дәстүрлі достық қарым-қатынасты атап өткен. Сонымен қатар Президенттер екіжақты байланыстарды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін кеңейту мүмкіндігіне назар аударды. Сауда-экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырып, Қазақстан мен Моңғолияның Іскерлік кеңесін құру қажет екенін айтқан.

«Кездесу соңында президенттер жақын арада бір-бірінің еліне сапармен бару мүмкіндігін талқылады», деп түйіндейді моңғолиялық БАҚ.

Моңғолия
Фото: из открытых источников

Ханчжоудағы Азия ойындарына қытайлық 4 қазақ спортшы қатысады

- CNR

16 қыркүйекте Ханчжоуда 19-шы Азия ойындарына арналған Азия ойындары қалашығы ресми түрде ашылды. Осы Азия ойындарында Қытай спорт делегациясының құрамында жалпы саны 13 Шыңжаң спортшысы бірнеше жарысқа қатысады. Солардың төртеуі қазақ.

Олар боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы, Байқоныс Данабек, балуан Кабиран Абушайманұлы және ерлер футбол командасынан Елжан Шынар. Ханчжоудағы Азия ойындарына жолдама алған Шыңжаңдық 13 спортшы жағажай волейболы, жеңіл атлетика, бокс, ат спорты, садақ ату, футбол және күрестен қатысады, - деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.

Айта кетейік, Алтай қаласынан келген 26 жастағы Тоқтарбек Таңатқанұлы Азия ойындарына осымен екінші рет қатысып отыр. 2021 жылы Токио Олимпиадасына қатысып, 1/8 финалда чемпион атанған бразилиялық ойыншыдан 2:3 есебімен жеңіліп қалды. 2023 жылғы бокстан әлем чемпионатында Тоқтарбек Таңатқанұлы финалға дейін жетіп, соңында қазақстандық боксшыға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтқан. Осы Азия ойындарында ол тағы да чемпион болуға таласады.

Сондай-ақ Шынжаңдық боксшы Байқоныс Данабек 92 келі және одан жоғары салмақ бойынша сынға түседі.

Байқоныс Данабек Ташкенттегі әлем чемпионатына қатысқан этникалық қазақ боксшыларының бірі. Қытайдың Тарбағатай аймағында туған. Биыл алғаш рет өз елінің чемпионы атанып, әлем біріншілігінде екінші рет бақ сынаған. Жүлдеге жетпесе де, бұл сында Байқоныс алысқа шауып, азулы қарсыластарын ұтты.

Ал Кабиран Абушайманұлы атты ұлты қазақ спортшы биыл 25 жаста, ол Тарбағатайдың Эмин округінен. Осы жылдың ақпан айында К.Абушайманұлы Дүниежүзілік күрес федерациясының ашық чемпионатында ерлер арасында еркін күрестен 97 келі салмақта қола жүлдені жеңіп алды. Сәуір айында 2023 жылғы күрес түрлерінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ маусым айында Қырғызстандағы Дүниежүзілік күрес федерациясының халықаралық ұпайлар турнирінде тағы да күміс жүлдені еншілеген.

Сонымен қатар осы аптадағы Қытайдың ерлер футбол командасына Шыңжаңнан екі жас ойыншы таңдалды, атап айтқанда, Қытай суперлигасында «Шанхай СИПГ» сапында өнер көрсететін Қашқарлық жас ойыншы Абрахам Халик және Нантунг Чжиюнь командасының алтайлық жас ойыншысы Елжан Шынар.

Айта кетейік, Елжан Шынар 2019 жылы футболдан 20 жасқа дейінгі Қытай жастар құрамасына шақырту алған.

Қытайлық дереккөздің мәліметінше, ҚХР Футбол федерациясы Қытайдың U-20 құрамасына шақырту алған футболшылардың тізімін жариялаған. Олардың қатарында Қытай елінде тұратын қандасымыз Елжан Шынар есімі де аталады. Елжан қытай суперлигасында өнер көрсететін «Шенчжен» клубында ойнаған. Ол құрамадағы үздік ойыншылардың бірі атанған. Елжан Шынар - 1999 жылы ҚХР-ның Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданында туған.

Қоқанда халықаралық қолөнер фестивалі өтуде - «ӨзА»

Қоқан қаласы халықаралық қолөнер фестивалін екінші рет өткізіп отыр. Айтулы шаһарға әлемнің және республиканың түкпір-түкпірінен қолөнершілері жиналды. Таңертең сыртқа шыққан шетелдік қонақтар, қолөнершілер мен жергілікті тұрғындар Түркістан көшесінің бойымен салтанатты шерумен бастады, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, халықаралық қолөнер мұражайының салтанатты ашылу болып онда, Президент Әкімшілігінің әлеуметтік даму бөлімінің меңгерушісі О.Абдурахманов, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад Әл Кадуми, Ферғана облысының әкімі Х. Бозоров бұл фестиваль халықтар достығын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Айтулы шараға келген қонақтар мұражайдағы жәдігерлермен танысқан. Орда алаңындағы павильондарда республиканың аймақтарынан және шетелден келген шеберлердің қолөнер бұйымдарының көрмесі мен саудасы ұйымдастырылмақ.

Қазақ балуан - әлем чемпионы «TRT»

Күрес түрлерінен әлем чемпионатында қазақ балуаны Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанды.

Осы аптада қазақ спортындағы жағымды жаңалықты Түркия Радио Телевизия порталы да оқырмандарына бөлісті.

Түркиялық басылым Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алтын медаль жеңіп алған спортшыны құттықтағаны туралы да жазған.

Еске сала кетейік, қазақстандық спортшы Ризабек Айтмұхан Сербияда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған болатын.

92 келіде сынға түскен Айтмұхан финалда әзірбайжандық Осман Нурмагомедовпен белдесті. Қазақстандық палуан 4-2 есебімен жеңіске жеткен еді.

Бұл атаулы жеңісті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны жеңісімен құттықтаған.

«Тоқаев Айтмұханның Қазақстан тарихында бұл жеңіске қол жеткізген тұңғыш спортшы екенін атап өтіп, «Бұл тарихи жетістік» деді.

Сондай-ақ ол спортшының бұл жеңісі күреске жас ұрпақтың құлшынысын арттыруға септігін тигізетініне сенетінін білдірді», деп жазды «TRT».

Сондай-ақ осы аптада аталған түркиялық БАҚ-та «Стамбулдан Астана мен Алматыға ұшатын ұшақ саны артады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Түркия Радио Телевизия порталының дерегінше, ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті «Turkish Airlines» басшылығымен кездескен. Кездесуде Стамбул – Астана және Стамбул – Алматы бағыттары бойынша рейстер санын арттыру жоспарлары талқыланды.

Комитет төрағасы Талғат Ластаев жолаушыларға қолайлы жағдай жасау және әуе кемелерінің жолаушылар өткізу қабілетін арттыру мәселесіне тоқталды.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, THY өкілдері «Anadolu Jet»-ті жеке заңды тұлғасы бар компанияға бөлу әрекеттері туралы айтқан. Бұл үдеріс аяқталғаннан кейін жаңа авиакомпания 2024 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанға рейстерді бастайды деп күтілуде.

«Turkish Airlines» әуе компаниясына Қазақстанға ұшатын рейстерде бесінші дәрежедегі әуе еркіндігін пайдалану мүмкіндігі ұсынылды.

Парсы тілі – Иран мен Қазақстанның мәдени ортақтығы – «Parstoday»

Осы аптада «Parstoday» ақпарат агенттігінде Иран мен Қазақстанның мәдени ортақтығы туралы шығыстанушы маманның пікірі берілген.

Шығыстанушы Ғалия Қамбарбекованың айтуынша, әртүрлі кезеңдерде саяси шекаралар өзгергеніне қарамастан, қазақтар мен ирандықтардың ата-бабалары тарихи көрші болғандықтан екі елдің мәдениеті мен мифологиясында ұқсастықтар өте көп.

Ғалия Қамбарбекованың дерегінше, Аллаға ғашықтық, Отанға деген сүйіспеншілік, адамзатқа махаббат әрдайым түрлі хикаялар қалыбында Иран поэзиясы мен прозасында баяндалып, түрлі халықтардың өмірінде биік орынға ие болған.

Сондай-ақ ол «Шахнаманың» тарихи маңыздылығына тоқталып, «Орта ғасырда бұл кітаптың «Орталық Азияның ортақ түркі» тіліне аударылуы өзбек және қазақ шайырларының Шахнама дастандарын басқа тәсілдермен қайта жырлауына себеп болғанын айтады.

Қашқардағы мың жылдың дәмі бар байырғы шайхана - «Жэньминь Жибао»

Шыңжаңның Қашқар қаласындағы көшелердің бірінде тарихы тым тереңде жатқан ғасырлық шайхананы көруге болады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін маңызды кездесу орны, сонымен қатар туристерді жергілікті мәдениетпен таныстыруға мүмкіндік беретін таптырмас орын.

Бұл туралы осы аптада Қытайлық «Жэньминь Жибао» басылымы хабарлады.

«Қашқарда күз келгенімен әлі де саяхатшылардың аяғы үзілген жоқ. Байырғы шайхана әр күні әр жерден келген қонақтарды күтіп алады. Адамдар осы арада аялдап, ас ішеді. Бұл шайханадан байырғы Жібек жолындағы мың жылдан бері жалғасып келе жатқан шайдың қош иісі аңқиды», деп жазады қытайлық БАҚ.

Бейсен Сұлтан

Соңғы жаңалықтар
telegram