Азия ойындарының күміс жүлдегері Аделина Земс сайлауға қатысты
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына өңірге танымал азаматтар, соның ішінде спортшылар да қатысып жатыр. Дауыс беруге келгендердің қатарында жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2026 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Аделина Земс те бар.
Спортшы Қарағандыдағы сайлау учаскелерінің біріне келіп, сайлауға қатысуының себебі мен азаматтық ұстанымы туралы пікір білдірді.
– Менің есімім – Аделина Земс. Жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Бүгін азаматтық белсенділігімді танытып, өз таңдауымды жасау үшін сайлау учаскесіне келдім, – деді ол.
Бұл сайлауда өңір бойынша барлығы 214 депутаттық мандат бөлінеді. Бірмандатты аумақтық сайлау округтеріндегі 196 орынға 587 кандидат үміткер. Ал облыстық мәслихаттағы тағы 18 мандат партиялық тізімдер бойынша бөлінеді. Сайлауға алты саяси партия қатысып, 81 кандидат ұсынған.
Еске салсақ, Қарағандыда дауыс беруге келген тұрғындар сайлау учаскесінен жаңа кітаппен де шыға алды. Қаладағы учаскелердің бірінде ұйымдастырылған буккроссинг акциясы оқырмандарға сүйікті кітаптарын өзгелермен бөлісіп, жаңа шығармалармен танысуға мүмкіндік берді.