Азия ойындарының жүлдегерлері мен қатысушылары Алматыға оралды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін Алматы халықаралық әуежайында Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарындағы жарысын аяқтаған Қазақстан ұлттық құрамасының спортшыларын қарсы алды. Бұл туралы Алматы қаласы спорт басқармасының өкілдері хабарлады.

жүлдегер
Фото: Алматы әкімдігі

Ұлттық құрамамен бірге Алматыға Азия ойындарының алматылық жүлдегерлері де оралды. Ауыр атлетикадан 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Аянат Жұмағали және спорттық жүрістен жартылай марафонда Кристина Морозова күміс медаль жеңіп алды. Ал кураштан 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әділет Ахметғали қола жүлдегер атанды.

Азия ойындары
Фото: Алматы әкімдігі

Сондай-ақ, Алматыға спорттық жүрістен марафонда Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен алматылық спортшы Ясмина Тоқсанбаева оралды.

Ясмина
Фото: Алматы әкімдігі

Олармен бірге Қазақстанның жеңіл атлетикадан ұлттық құрамасының өкілдері, соның ішінде Азия ойындарының күміс жүлдегерлері Кристина Овчинникова мен Нора Джеруто Тануи да келді.

чемпион
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы халықаралық әуежайында спортшыларды салтанатты түрде қарсы алды. Азия ойындарының қатысушылары мен жүлдегерлерін қарсы алуға Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы, спорт қауымдастығының өкілдері, жаттықтырушылар, спортшылардың туған-туыстары мен жақындары, сондай-ақ көптеген жанкүйер жиналды.

Көпшілік спортшыларды ыстық ықыласпен қарсы алып, жүлдегерлерді жеңіп алған медальдарымен құттықтады.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Айта кетейік, Жапонияда XX жазғы Азия ойындары әлі жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасының бірқатар спортшысы жарысын жалғастырып, алдағы күндері жүлде үшін сынға түседі. 

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі