Азия ойындарында Батыс Қазақстаннан қос бірдей ескекші ел намысын қорғайды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындарында Батыс Қазақстаннан қос бірдей ескекші ел намысын қорғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азия ойындарында Батыс Қазақстаннан қос бірдей ескекші ел намысын қорғайды

Байдаркадан Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Акунишниковтің айтуынша, төрт жылда бір рет өтетін айтулы додада Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев бақ сынамақшы.

Ескекшілердің екеуі де тәжірибелі, А.Дергунов бұған дейін үш олимпиадаға қатысса, А.Ергучев бұдан екі жыл бұрын Риодағы додада айдынға шыққан болатын. Ең бастысы, бұдан төрт жыл бұрын оңтүстіккореялық Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қос ескекші де топ жарып, чемпион атанған еді, яғни олар жеңістің дәмін біледі.

null Қазіргі кезде Алексей мен Андрей Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Азия ойындарына дайындалуда. Олар 1 мың метрлік қашықтықта екі кісілік және 500 метрден төрт адамдық байдаркада сынға түспекші.

«Күні бүгін Брест қаласындамыз. Әзірлік қалыпты өтуде. 30 шілде күні Болгария астанасы Софияға аттанамыз. Онда Азия ойындары алдындағы қорытынды жиын болмақшы. Қазақстандық ескекшілер алдағы жауапты сында жоғары орындардан көріну үшін барын салатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Александр Акунишников.

Айта кетейік, Орал қаласында туып-өсіп, спорттық жолын бастаған А.Акунишниковтің өзі 1986 жылы КСРО құрамасы сапында әлем чемпионы атанған болатын. Бүгінде өз ізбасарларын дайындап жүрген ол алдағы жылы алпыс жастың биігіне шығады.