11:06, 22 Қаңтар 2011 | GMT +5
Азия ойындарында ел намысын қорғайтын «Ақжайық» командасының хоккейшілері бүгін Самарада өнер көрсетеді
ОРАЛ. 22 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Допты хоккейден Ресей чемпионаты бірінші лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» кезекті кездесулерін Самара қаласында жергілікті ЦСК ВВС командасымен өткізеді.

Осында үш матч өткізгеннен кейін «Ақжайық» алғашқы айналымды аяқтайды. Әзірге батысқазақстандықтар «Б» тобында 22 ұпаймен екінші орында (Саратовтың «Универсалы» 28 ұпаймен көш басында). Осының алдында өз айдынында Ульяновскінің «Волга-2» командасын 5:2, 4:2 есебімен екі рет ұтқан «Ақжайық» турнир кестесіндегі өз жағдайын жақсарта түскен болатын.
Қазан қаласында 23 қаңтарда басталатын допты хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында «Ақжайықтан» үш бірдей ойыншы (Владислав Новожилов, Ескендір Нұғманов, Петр Грибанов) айдынға шықпақ. Одан кейін Алматыда түгелдей «Ақжайық» хоккейшілерінен құралған Қазақстан құрамасы тұңғыш рет Азия ойындарына қатысады.