Азия ойындарында қазақстандық волейболшы жігіттер 9-16 орындар үшін таласатын болды
АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан XVI Азия ойындарында қазақстандық волейболшылар алғашқы кезеңде өз тобында 3-орын алды.
Геннадий Паршин жаттықтыратын ұлттық құрама "С" тобында өнер көрсеткен болатын. Олар үндістандықтарға 1:3, оңтүстік кореялықтарға 0:3 есебімен ұтылып, вьетнамдықтардан ғана 3:1 есебімен басым түсті. Алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша Оңтүтік Корея 6 ұпаймен - бірінші, Үндістан 5 ұпаймен - екінші, 4 ұпаймен Қазақстан - үшінші, ал 3 ұпаймен Вьетнам құрамасы төртінші орын алды.
Біркүндік үзілістен кейін ертең командалар жүлделі орындарды сарапқа сала бастайды. Өз топтарында 1-2- орын алғандар - 1-8, ал 3-4-орын алғандар 9-16-орындар үшін таласатын болады. 23 қарашада - 9-16, ал 24 қарашада 1-8-орындарға таласатын командалардың ақтық ойындары өтеді.