Азия ойындарындағы жетістігімізді сақтап қалуға күш салуымыз қажет-депутат И. Елекеев
АНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан биылғы жылды табысты бастады. Әлемдік қаржы дағдарысынан экономикалық дамуға бет алған мемлекетіміз мәдени және спорттық шараларда тамаша жетістіктерге қол жеткізді.
Қазақстан 7-қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастырумен қатар, Азиада тарихында ұтып алған жүлделердің саны жағынан рекорд орнатты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Азиаданың жабылу салтанатында спортшыларымыздың ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына тамаша тарту жасағанын айрықша атап өтті. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Ирак Елекеев осы 7-қысқы Азия ойындарындағы ел жетістігі туралы ойларын ортаға салды.
Оның пікірінше, Қазақстан өткен жылды зор табыспен аяқтағаны белгілі. Еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету миссиясын жоғары деңгейде атқарды. 56 елдің басшыларын жинап, осы халықаралық беделді ұйымның Саммитін Астана төрінде өткізді.
- Енді 2011 жылды да Қазақстан зор мәртебемен бастап отыр. Астана мен Алматы қалаларында 7-қысқы Азия ойындарын өткізіп, халықаралық деңгейдегі осы бір спорттық іс-шараны аса жоғары ұйымдастырушылықпен атқара білді. Мен де спортшыларымызға жанкүйер болып, жеңіске жетуіне тілектес болдым.
Осы айтулы доданың өткізілуінің өзі ғаламат оқиға. 2007 жылы 6- Азиада Қытайда өткені белгілі. Сонда 7-ойындарды өткізу міндеті Қазақстанға тапсырылған болатын. Әлемдік қаржы дағдарысы әрбір елді толғандырып отырған тұста қысқы Азия ойындарының өтіп-өтпеуі үлкен мәселеге айналды. Сол кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қандай қиындық болса да, Азияның Олимпиадасы саналған бұл жарысты Қазақстанның қалайда өткізетінін мәлімдеді және Үкіметке, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне шұғыл тапсырма берді. Елбасының тікелей бақылауға алуының арқасында, бүкіл ел болып қолдаудың нәтижесінде жаңа спорт кешендері салынды, бұрынғы спорттық базалар күрделі жөндеуден өткізіліп, жарысқа 100 пайыз дайын болды.
Сонымен қатар спортшыларымыз да осы бәсекеге дайын екендіктерін дәлелдеп шықты. Азияның 27 елі қатысқан жарыста Қазақстан спортшылары 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медалға ие болды. Барлығын қосқанда 70 медаль алып, бейресми жалпы командалық есепте бірінші орынға шықты.
Міне, елімізде Азия ойындары жоғары деңгейде өтті. 70 рет көк байрағымыз биік тұғырға көтеріліп, 32 рет мемлекеттік Әнұранымыз шырқалды. Еліміздің әрбір азаматы ұйымшылдық танытып, Қазақстанның патриоты бола білді. Өсіп келе жатқан ұрпақ жарыстардан үлкен әсер алды, өздері де спортпен айналысу елдің мерейін көтеретін мәртебелі міндет екенін ұғынды.
Жаңа он жылдыққа қадам басқан тұсымызда осындай игі шараны өткізгені Қазақстанның халықаралық беделін асыра түсті. Мен мұны Президент саясатының салтанаты дер едім! Бұл еліміздегі - бірлік пен татулықтың, тұрақтылық пен келісімнің жеңісі! Азия ойындарындағы жетістігімізді алдағы уақытта да сақтап қалуға күш салуымыз қажет.
Елбасымыз биылғы Жолдауында осы жолы салынған спорт кешендерінде жас жеткіншектердің дене тәрбиесімен айналысуы тиіс екенін айтқан болатын. Алдағы уақытта Үкімет пен әкімдер тарапынан болашақ спортшыларымыздың жетілуіне баса көңіл бөлінсе екен деймін. Еліміздің өзге қалаларында да табиғи ерекшеліктерді ескере отырып, спорт кешендерін салу ісі жан-жақты қолға алынуы керек деп ойлаймын, - деді И. Елекеев.