Азия Пара ойындарында Қазақстанның қоржынына төрт жүлде қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан пара велоспорттан Азия Пара ойындарында тағы екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының баспасөз қызметі.

 Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Әлиев
Фото: t.me/parateamkz

23 қазанда өткен тасжолдағы жарыста B класында ерлер арасында 65 шақырымдық қашықтықта Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Әлиев 2 сағат 1 минут 21 секунд нәтижемен алтын медаль иеленді.

Ал Кирилл Илюкевич пен пилоты Глеб Бруссенский 2 сағат 11 минут 42 секунд нәтижемен күміс жүлдегер атанды.

Әйелдер арасында 55 шақырымдық қашықтықта Анастасия Калаус пен пилоты Полина Братчикова 2 сағат 5 минут 47 секунд нәтижемен алтын медаль жеңіп алды.

Қазақстан пара велоспорттан Азия Пара ойындарында тағы екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алды
Фото: t.me/parateamkz

Жұлдыз Қайнарова мен пилоты Анжелла Соловьева 2 сағат 9 минут 43 секунд нәтижемен күміс жүлдегер атанды.

Осылайша, V Азия Пара ойындарының жетінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасының қоржынындағы жалпы жүлде саны 47 медальға жетті. Оның ішінде 12 алтын, 15 күміс және 20 қола медаль бар.

Бұған дейін отандық спортшылар пара үстел теннисінен қола медаль иеленгенін жазғанбыз.