Азия паралимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан спортшылары 60-65 адамға жетуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азия паралимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан спортшылары 60-65 адамға жетуі мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Дархан Калетаев мәлім етті.

Азия паралимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан спортшылары 60-65 адамға жетуі мүмкін

«Біздің жоспар бойынша күзде өтетін Азия паралимпиада ойындарына қатысатын Қазақстанның паралимпиадалық құрамасы 60-65 адамға жетіп қалады. Лицензия алуға әлі де болса үш ай уақытымыз бар. Қазіргі таңда 51 лицензияны жеңіп алдық. Тағы да 10-15 лицензия алуға үміттеніп отырмыз», - деді Д.Калетаев.

Оның сөзіне қарағанда, Азия паралимпиада ойындарына қазақстандықтар жеңіл атлетика мен жүзуден көп лицензия жеңіп алған.

Сонымен қатар Д.Калетаевтың атап өтуінше, ағымдағы жылдың күзінде Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия паралимпиада ойындарында жеңіске жеткен спортшылар 2016 жылы Бразилияда өтетін Паралимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алады.

«Жалпы, бүгінгі таңда паралимпиадашыларымыздың дайындығы өте жоғары», - деді ол.