Азиядағы ең ірі бюджеттік авиакомпанияның ұшақтары Қазақстанға да қатынайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Air Asia Aviation Group компаниясы тобының коммерциялық директоры Карен Чан ханыммен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Малайзия арасындағы тұрақты жолаушылар тасымалы және жүк әуе қатынасы мәселелерін талқылады.
Air Asia Aviation Group өкілдері авиакомпанияның бірінші кезеңде Куала-Лумпур (Air Asia X) мен Бангкоктан (Thai Air Asia X) Алматыға әрбір бағыт бойынша аптасына 4 рейс жиілікпен және аптасына 3 рейс жиілікпен Астанаға ұшатын рейстерді іске қосуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Сондай-ақ Air Asia әуе компаниясы Қазақстан аумағында «виртуалды хаб» құруды, сонымен бірге Ыстанбұл (Түркия), Париж (Франция), Франкфурт (Германия), Лондон (Ұлыбритания) қалаларына «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесімен ұшуды жоспарлап отыр. Екі ел арасындағы рейстердің ашылуы сауда-экономикалық қатынастарды, туризм мен іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Айта кетерлігі, Air Asia Азиядағы ең ірі бюджеттік авиакомпания болып табылады. Өз жұмысын 1996 жылы бастаған, бүгінге дейін 600 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған. Сонымен қатар компанияның әуе кемелері әлемнің 25 елінде 400-ден астам бағыт бойынша ұшады. Әуе кемелері паркінде 250-ден астам ұшақ бар.

Кездесуге Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Air Asia Aviation Group компаниясы тобының кірістер мен бағыттар жөніндегі директоры Пол Кэррол мырза, Air Asia X авиакомпаниясының атқарушы директоры Беньямин Исмаил мырза қатысты.