Азық-түлік арзан, жалақы жоғары – депутат статистика мәліметтерін сынға алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев еліміздегі статистика деректерін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал, жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз. Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ, Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді. Оған қоса, Статистика бюросының мәліметінше 2023 жылдың наурыз айында азық-түлік бағасы шамамен 21 процентке өсіпті.

Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр. Кеше бүкіл аймақ бойынша «AMANAT» партиясының мониторингілік топтары азық-түлік бағаларын қадағалады. Нәтижесінде, пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни, статистика мәліметінде көрсетілген бағаның 1,5-2 есеге дейін, 70-100 процентке өскені байқалды», - деді Е. Бейсенбаев ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевтің атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды.

«Екіншіден, ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, кейінгі 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетіп отыр. Ал, ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адамды құрады.

«Шындығына келсек, осы топтадағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын NEET санатындағы жастардың саны 380 мыңды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыз қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп.

Жалпы, Үкіметтің шешім қабылдарда жіберетін басты кемшілігі – жалған статистиканы пайдалануы. Статистика – елдегі нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштердің бет-бейнесі болуы тиіс. Дегенмен, Үкімет жағынан қабылданған шешімдердің әлсіздігі, көбінде қате мәліметтерге сүйенудің негізінде орын алып отыр. Ұлттық бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуі тиіс. Сонда ғана қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру мүмкін болады. Осы ретте, біз нақты ақпарат берудің жаңа, әділ ережесін қалыптастыруымыз қажет», - деді Елнұр Бейсенбаев.


Соңғы жаңалықтар
telegram