Азық-түлік бағасын өсірген қостанайлық дүкендер жазаға тартылады - әкімдік

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті бірінші кезектегі азық-түлік тауарларын бақылауда ұстау жөнінде үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Азық-түлік бағасын өсірген қостанайлық дүкендер жазаға тартылады - әкімдік

Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бағалары құбылып тұр. Бұл туралы бүгін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтылды. Осы мәселеге байланысты Ұлттық экономика министрлігі, Қостанай облысы әкімдігі және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында үшжақты келісімге қол қойылды. Мақсат - бағаны бақылауда ұстау. Сол себепті үш тарап кәсіпкерлік субъектілеріндегі тауар бағаларының өсуіне жол бермеу туралы бірлескен үндеу жариялады. 

«Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сауда және қызмет салаларының кәсіпорындарына үндеу тастайды. Бірінші кезекте қажет азық-түлік тауарларына, жоғары тұтынушылық сұранысқа ие (автомобильдер, ұйымдастырушылық техника, тұрмыстық химия заттары және т.б.), мультипликативтік әсері бар азық-түлікке жатпайтын тауарларға (мұнай өнімдері, тауарлық және сұйытылған газ, көмір, мазут және т.б.) бағаны тұрақтандыруға шақырамыз. Сондай-ақ, отандық тауарөндірушілерге тұтынушыларды дүрлігу және наразылыққа итермелемей, қалыпты жұмыс режимін сақтау маңызды. Алыпсатарлық фактілері және тауарларды өндіру мен өткізуді негізсіз шектеу («Бәсекелестік туралы» ҚР Заңының 10, 11-баптары) бойынша нарық субъектілерінің келісілген іс-әрекеттеріне тыйым салынады. Мұндай іс-әрекеттерді жасау барлық монополиялық табысты тәркілеп, 3%-дан 5%-ға дейін айналым айыппұлдарын салуға әкеп соғады. Бұдан басқа, аталған бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген» делінген үшжақты үндеуде.  

Монополияға қарсы органдардың қызметі де өзгерді. Енді аталған ұйым мамандары әкімдіктер жанынан құрылған баға бақылау бойынша жедел штабтардың құрамына кіреді. Тергеулерден бөлек, монополияға қарсы орган негізгі әлеуметтік маңызы бар тауар бағаларына күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кәсіпкерлер палатасының күшімен сол штабтарға өз мамандарын қосады. Олардың бизнес-қоғамдастықтарда, сауда желілерінде, базарларда бағаларды негізсіз көтеруіне жол бермеу жұмыстарын ұйымдастырады. 

Тұрғындар бағалардың күрт өсу фактілері бойынша Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қостанай облысы бойынша департаментіне 8 (7142) 39-17-92 сенім телефоны арқылы хабарласып, сондай-ақ ресми өтінішпен де жүгіне алады.