Азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша босаңсудың реті жоқ -Өмірзақ Шөкеев
АСТАНА. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Жамбыл облысында кейбір азық-түлік тауарларының қымбаттауы мәселесін тез арада ретке келтіруді тапсырды.
Шілденің 15-індегі мониторинг бойынша, бірінші сұрыпты бір келі ұнның бағасы ШҚО-да - 2 теңгеге, Жамбыл облысында - 2 теңге, Қызылорда облысында 1 теңгеге өскен, Павлодар облысында керісінше - 1 теңгеге, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында 5 теңгеге төмендеген.
Ө. Шөкеевтің айтуынша, қанттың бағасы Ақмола облысында - 1 теңге, Ақтөбе облысында - 14, ШҚО-да - 4, Қостанайда - 10, Қызылорда облысында 17 теңгеге төмендеп отыр. Жалпы республика бойынша 4 теңгеге арзандаған. Сонымен қатар күріштің бағасы Маңғыстау облысында - 13 теңгеге, ал Алматыда 27 теңгеге төмендеген.
Астанада арпа жармасы - 17 теңгеге, ұнтақ жарма - 40 теңгеге, сондай-ақ сарымай 37 теңгеге жоғарылаған. «Ұнтақ жарма келісіне 91 теңге болса, қазір 130 теңге. Екі аптаның ішінде неге осынша баға шарықтап кеткен. Меніңше, осы жарма түрлерін елордаға бір компания тасымалдап отыр. Бұл мәселенің шешімін табу керек», деп тапсырды вице-премьер Астана әкімдігіне.
Атап айтқанда, азық-түлік тауарларының (сүт, сарымай, айран, ірімшік, сәбіз) бағасы негізінен Жамбыл облысында жоғарылаған.
Ө. Шөкеев өңірлердегі азық-түлік мәселесі бойынша жергілікті атқару органдарына тиісті шараларды қабылдауды жүктей келе, «бұл мәліметтердің барлығын әкімдіктерге тапсырып, алдағы сейсенбіде жаңа ақпаратты жинаңыздар. Әкімдерге ескертіңіздер, сейсенбіде тиісті шара қабылдамағандарға тәртіптік шараларды қолданамыз»,-деп қадап айтты.
«Босаңсудың реті жоқ. Күнделікті барлығын бақылауда ұстау керек. Әсіресе, осы мәселені қадағалайтын әкім орынбасарларының жұмысы қарқынды болуы тиіс»,- деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.