Азық-түлік дүкеніне жасалған қарақшылық шабуылдың ізі суымай ашылды - Алматы ІІД
АЛМАТЫ. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Жақында Шу қаласынан келген екі жігіт кешкілік уақытта "Айнабұлақ" шағынауданындағы азық-түлік сататын дүкеннің арнайы күзетшісінің болмағанын пайдаланып,
жас сатушы қызды пышақпен қорқыта отырып, сатылымнан түскен ақшасын алып кеткен.
"Сатушы қатты қорыққаннан олардың бірінші талабын орындап, кассадағы 110 мың теңгені берген. Шабуылдаушылар қолдарына ақша тиісімен ол арадан жасырынуға тырысқан, алайда жақын маңда өтіп бара жатқан «Буран» шолғыншы-экипажының назарына ілігеді. Күдіктілер бой тасалау үшін үй аулаларына қарай жүгіреді, бірақ та тәртіп сақшылары бұл екеуінің біраз минут бұрын қылмыстық іске барғанын білместен құрықтады", -дейді Жетісу ІІБ-ның бастығы полиция подполковнигі Қанат Таймерденов.
Аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілген күдіктілердің жеке ісі тексеріліп жатқанда олардың қылмыс жасағандығы анықталған. "Аудандық ішкі істер басқармасына келген сатушы өзіне пышақ кезеген қылмыскерлерді бірден таныды. Олардың жеке мүлкін тергеу барысында сатушыдан тартып алынған ақшалар шықты. Ал пышақты тәртіп сақшыларын көрген сәтте көше жиегіндегі арыққа тастаған. Ол қазір алынып, қылмыстық іске тіркелді", -деді Қ.Таймерденов.
Ұсталған екеудің де жасы 26-да. Айтуларынша, Алматыға үш күн бұрын келген. Алайда полицейлер олар басқа қылмыстарын бүркемелеу үшін өтірік айтулары мүмкін деген ойда.