11:24, 21 Ақпан 2009 | GMT +5
Азық-түлік қауіпсіздігі елдің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі - Мемлекеттік хатшы
ПЕТРОПАВЛ. Ақпанның 21-і. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев бірқатар өндірістік нысандарды, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерін аралады.
Атап айтқанда, Мемлекеттік хатшы отандық жүк жартылай вагондарын шығару жолға қойылған «ЗИКСТО» акционерлік қоғамында, республикадағы ең ірі тауарлы-сүт кешені салынған «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінде, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болды. Дегенмен, Қ.Саудабаев әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында өңірдің азық-түлікпен қамтылуы мен олардың бағасына қатысты мәселеге көбірек назар аударды. Кеше Петропавлдағы Достық үйінде Қ.Саудабаевтың ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесуі болды және Солтүстік Қазақстан облысының діни бірлестіктері мен бұқаралық ақпарат құралдары, саяси партиялары арасында аймақта қоғамдық орнықтылықты сақтау жөніндегі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізген Қанат Саудабаев, «жалпы республикадағыдай, облыста да, Мемлекет басшысы ұстанған бағытқа берік қолдау бар екендігіне көзім жетті және бүгінгідей, адамзат тарихындағы ең ауыр - әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында, бұл өте маңызды мәселе», деп атап көрсетті. Мемлекеттік хатшы, кездескен адамдардың барлығы барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалатынын айтқан Елбасына алғыстарын білдіріп жатыр, деп атап көрсетті. Ал аймақтағы азық-түлік жағдайына тоқталған Қанат Саудабаев, «мәжбүрлі теңге девальвациясына қарамастан, Солтүстік Қазақстанда азық-түліктің негізгі түрлерінің бағалары көтерілмеген. Бұл да, соңғы жылдары ауыл шаруашылығын, ауылды дамытуға үлкен назар аударып келген Елбасының дұрыс стратегиялық бағытының жемісі. Себебі, азық-түліктің негізгі түрлерін облыста да, жалпы республикада да, өзіміз өндіреміз. Бүгінгі экономикалық дағдарыстың тұсында әлем, азық-түлік қауіпсіздігінің өте маңызды стратегиялық ресурс болып табылатынын және елдің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлшегі екенін жақсы түсінуде. Қазақстан соңғы уақытта біраз алға жылжып отыр және әлемдік дағдарыстың салдарынан туындап отырған проблемалар бізге күтпеген жайт болған жоқ және біз өте қомақты азық-түлік қорын жасай алдық», деп атап көрсетті. Брифинг соңында Мемлекеттік хатшы Солтүстік Қазақстан облысының діни бірлестіктері мен бұқаралық ақпарат құралдары, саяси партиялары арасында аймақта қоғамдық орнықтылықты сақтау жөніндегі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылу фактіне жоғары баға беріп, «сіздер халқымыздың дәстүрлі бірлігін көрсете алдыңыздар, бірлік біздің бүгініміз бен ертеңгі лайықты келешегіміздің сенімді іргетасы болып табылады», деп атап өтті.