Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін тиімді іске асыра аламыз - Президент
ЖИДДА. ҚазАқпарат – Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту өте маңызды. Бұл туралы «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азық-түлік қауіпсіздігі басым бағыт болып қала береді. Қазақстан Араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтуға мүдделі. Сондай-ақ, оның құрылымын әртараптандыруға ниетті. Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды», - деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтті.
«Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл міндеттерді тиімді іске асыра аламыз. Ұйымның қазіргі Төрағасы ретінде белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны үшін Қатар басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ оның қызметін жандандыруға Сауд Арабиясының зор үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайту өте маңызды. Осы саладағы ынтымақтастықты кеңейту үшін Ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесу тетігін құруды ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.