18:40, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты заң жобасы енді Сенатта қаралады
АСТАНА .Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәжіліс депутаттары бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарап мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыста осы құжат бойынша баяндаған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің сөзіне қарағанда, заң жобасы Елбасының биылғы жылғы Жолдауы негізінде әзірленген. Оның басты мақсаты азық-түлік қауіпсіздігін ұлттық қауіпсіздік контексінде қарастырып, әлемдік азық-түлік нарығында қалыптасқан жағдайды ескере отырып, тиісті заңнаманы жетілдіру болып табылады. «Сонымен қатар заң жобасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұрғындардың экономикалық тұрғыдан қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатын да көздейді. Сонымен қатар онда мемлекеттік азық-түлік тауарлары ресурстарын сақтау мен оны пайдалану, азық-түлікке қатысты ішкі нарықты тұрақтандыру мен реттеу, оның құнсыздануын тежеу тетіктерін заңды түрде бекіту мәселелерін қарастыратын баптар бар», деді вице-министр.