Азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беру керек – Жигули Дайрабаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Агробанк құру мәселесін шешу керек. Бұл туралы КТК арнасында өтіп жатқан партия өкілдерінің арасындағы пікірсайыста «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл» партиясы ұлттық әл-ауқатты арттырудың түбегейлі және жаңа саясатын ұсынады және оны жүзеге асыруға дайын. Партия ауылдық аймақтар мен аграрлық салаға ревизия жүргізуді көздеп отыр. Біз азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң қабылдаймыз. Индустриалды-аграрлық елге лайық реформалар болуы тиіс. Мемлекеттік бюджет есебінен барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің кредиттік жүктемесін босатамыз. Ешкімнің батылы жетпеген Агробанк құру мәселесін шешеміз», - деді Жигули Дайрабаев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін бүкіл салық түрлерін жою керек.

«Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы ауылға жайлы тұрмысты қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ауылдардың инфрақұрылымын қалпына келтіріп, дамыту керек. Ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет, яғни олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау маңызды. Үйде бала бағып, оның тәрбиесімен айналысып отырған әйелдер мемлекеттен қаржылай қолдау алуы тиіс», - деді партия төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол ауыл мен қала арасындағы білім және медициналық қызмет саласындағы алшақтықты барынша жою керек екенін айтты.

«Елімізді индустриалды-аграрлы державаға айналдырамыз және сол арқылы азық-түлік қауіпсіздігі деңгейі өте жоғары мемлекет құрамыз. Біз бақуатты ауыл, дамыған қала, қуатты мемлекет қалыптастырамыз», - деді Жигули Дайрабаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, КТК телеарнасының тікелей эфирінде Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдері арасында пікірсайыс өтіп жатыр.

Дебатқа «Amanat» партиясынан Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанова, Қазақстан халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан Айнұр Сәбитова, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дәния Еспаева, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Асхат Рахымжанов қатысуда.


Соңғы жаңалықтар