Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты Сауд Арабиясының тәжірибесіне мән берген орынды - Ә. Ахметов
АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты Сауд Арабиясының тәжірибесіне мән берген орынды. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Әділ Ахметов осылай мәлім етті.
«Энергетикалық қауіпсіздік пен азық-түлік қауіпсіздігі бір-бірімен тығыз байланысты мәселе. Бұлардың түпкілікті қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікке тіреледі. Әйтсе де, энергетикалық қорлар, мұнай өнімдері саясаттың ауанына ықпал етеді. Өйткені, аталған үш қауіпсіздік әлемдік саясаттағы деңгейге көтеріліп жатыр», - дей келе сенатор Әділ Ахметов Солтүстік Африка елдерінде орын алып отырған ахуал мен Сауд Арабиясындағы жағдайды салыстырып, бірқатар мысалдарды алға тартты. Оның пайымдауынша, Солтүстік Африка арабтарын жайпаған тынышсыздық толқынынан Сауд Арабиясы аман қалып отыр. «Бұның себебі - Сауд Арабиясында энергетикалық көздер су тегін. Әлемде жанармай бағасының әр бағытта құбылуына қарамастан, Сауд Арабия билігі бағаны уыста ұстап отыр. Бұл қашаннан солай жасалып келеді. Халық қымбатшылыққа бас қатырған емес. Әлгіндей дүмпудің Сауд Арабиясына жетпеуі де сондықтан. Мәселен, халықтың көлік шығындары, жанар-жағармайы арзан, ал ол арзан болғандықтан, алатын өнімдер бағасы да соған сәйкес төмен болады. Яғни, азық-түлік қауіпсіздігін бекем ұстауды Сауд Арабиясынан үйрену керек. Расымен, Қазақстан да барынша бай мемлекет. Ендеше әлгіндей әлемдегі оң тәжірибелерді пайдалана алсақ игі», - дейді Ә. Ахметов.