Азық-түлік келісім шарт корпорациясы 1 млн. тоннаға жуық арзандатылған астықты өңірлерге жеткізеді

Жалпы алғанда, 2012 жылдың тамызынан бастап 2013 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде әр тоннасы 28 000 теңгеден белгіленген бағада 1 млн. тоннаға жуық арзандатылған астық жеткізілді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
2013 жылғы 30 сәуірдегі мәліметтер бойынша еліміздің өңірлеріне 973 мың тоннадан астам: оның ішінде астықты қайта өңдейтін ұйымдарға - 777 мың тонна, құс фабрикаларына - 170 мың тоннаға жуық, шошқа шаруашылықтарына 26,5 мың тонна арзандатылған астық жеткізілген.
Еске салсақ, өткен жылы құрғақшылық салдарының алдын алу мақсатында Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі» АҚ, Қазақстан астық өңдеушілер одағы, Астана, Алматы қалаларының және облыс әкімдіктерінің арасында 1 сұрыпты ұнға, 1 сұрыпты қалыпты нанға бағаны тұрақтандыру жөніндегі шаралар, сондай-ақ мал шаруашылығында мал басының азаюын болдырмау шаралары жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Бұдан бөлек, Азық-түлік келісім шарт корпорациясы мен Қазақстан шошқа өсірушілер қауымдастығы, Қазақстан құс өсірушілер одағы және әкімдіктер арасында арзандатылған астық жеткізуге меморандумдар да жасалған еді.
Аталған меморандумдардың шеңберінде 1,6 млн. тоннадан астам, оның ішінде ұн тартатын ұйымдарға - 1,3 млн. тонна, құс фабрикаларына - 264 мың тоннадан астам, шошқа өсіретін шаруашылықтарға 47 мың тоннаға жуық арзандатылған астық кейінге сақталды. Бұл ретте астық жергілікті атқарушы органдармен анықталған ұн тартатын ұйымдарға жіберіледі. Құс фабрикалары мен шошқа өсіретін шаруашылықтарға Қазақстан құс өсірушілер одағы және Қазақстан шошқа өсірушілер қауымдастығымен белгіленген тиісті көлемдерде бөлінеді.
«Қазақстан құс өсірушілер одағының бастамасына және Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес құс фабрикаларына бұдан бұрын бекітілген 153 мың тонна астық көлемі 264 мың тоннаға ұлғайтылды. Жалпы алғанда, құс өсіретін шаруашылықтардың астыққа жылдық қажеттілігі 500 мың тоннадан асады. Бұлардың жартысынан көбі Азық-түлік келісім шарт корпорациясының арзандатылған астығы есебінен қамтамасыз етіледі», - делінген баспасөз хабарламасында.