«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» 2 млрд теңгеден астам сомаға көктемгі егін жұмыстарын қаржыландырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ауылшарушылық тауар өндірушілерінің көктемгі егін жұмыстарын 2 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландырды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» 2 млрд теңгеден астам сомаға көктемгі егін жұмыстарын қаржыландырды

Атап айтқанда, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар кепілдемесі арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілердің астығын форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша корпорацияға 6 млрд. теңгеден астам соманы құрайтын 800-ден аса өтінім келіп түскен.

«Қаржыландырылатын егіс алқабы 1 млн. гектардан асады. Өтінімдерді қарау нәтижесінде 2016 жылғы 12 сәуірдегі жағдай бойынша 600-ден аса өтінім мақұлданып, 4,5 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландыру шарттары жасалды. Оның ішінде 2 млрд теңгеден асатын 200 өтінім қаржыландырылды», - делінген баспасөз баянында.

Мәліметтерге қарағанда, бағдарламаны биылғы жылы бюджеттен қаржыландыруға 14 млрд теңге бөлінген. Бұған шамамен 2,3 млн. гектардағы егіс алқабы қаржыландырылады. Бұл ретте егіс алқабының 1 гектары 6000 теңгеге дейінгі мөлшерде есептелген. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы алатын комиссия алдын ала төлемақы сомасының 5% құрайды.

«Сонымен қатар, Азық-түлік келісім шарт корпорациясы екінші деңгейдегі банк кепілдемелерін ала отырып, тауар өндірушілерді қаржыландыру бағдарламасын іске асыруға да кіріспек. Бұған сәйкес, алдын ала төлемақы мөлшері 3 сұрыпты бидайдың тоннасына 20 000 теңгеден, 2 сұрыпты арпа тоннасына 15 000 теңгеден есептелінеді. Алынатын комиссия алдын ала төлемақы сомасының 5% құрайтын болады», - делінген баспасөз баянында.