Азық-түлік келісім шарт корпорациясы: бірқатар облыстардағы ұн тартатын ұйымдардың барлығы бірдей меморандумды сақтамай отыр
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ 477 мың тоннадан астам арзандатылған астықты өңірлерге тиеді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жылы Қазақстанның жекелеген өңірлерінде қуаңшылық орын алып, соның салдарының алдын алу мақсатында Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2012 жылғы 23 шілдедегі шешімі бойынша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» холдингі» АҚ, Қазақстан астық өңдеушілер одағы, Астана, Алматы қалаларының және облыс әкімдіктерінің арасында 1 сұрыпты ұнға, 1 сұрыпты қалыпты нанға бағаны тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы, сонымен қатар мал шаруашылығында мал басының азаюын болдырмау шаралары жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Осы меморандумдардың шеңберінде Азық-түлік келісім шарт корпорациясының ресурстарынан 1,3 млн. тонна арзандатылған астық бөлінді. Астық тоннасына 28 000 теңгеден белгіленген бағада жергілікті атқарушы органдармен анықталған ұн тартатын ұйымдарға жіберіледі. Тиеу мерзімі - 2012 жылғы тамыздан бастап 2013 жылғы тамызға дейін.
Сонымен қатар, Азық-түлік келісім шарт корпорациясы құс фабрикалары және шошқа өсіретін шаруашылықтармен тоннасына 28 000 теңгеден астық жеткізу туралы шарттар жасасты. Қазақстан құс өсірушілер одағы мен Қазақстанның шошқа өсірушілер ассоциациясы бөлген көлемдерге сәйкес, құс фабрикаларына жалпы көлемі 153 мың тонна, шошқа өсіретін шаруашылықтарға - тиісінше 47 мың тонна астық жеткізу қарастырылып отыр.
«Ағымдағы жылғы 19 желтоқсандағы мәліметтер бойынша еліміздің өңірлеріне жалпы көлемі 477 мың тоннадан астам, оның ішінде астық өңдейтін ұйымдарға - 395 мың тонна, құс фабрикаларына - 69 мың тонна, шошқа өсіретін шаруашылықтарға - 13 мың тонна арзандатылған астық тиелді. Сонымен бірге Азық-түлік келісім шарт корпорациясы меморандумның талаптарын облыстағы ұн тартатын ұйымдардың барлығы бірдей сақтамай отырғанын хабарлайды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының ірі операторларының бірі астықты өз астық қабылдау кәсіпорнынан босатуды талап етіп, Азық-түлік келісім шарт корпорациясымен шарт жасаудан бас тартты. Павлодар облысының операторлары өз өңірін «әлеуметтік» нансыз қалдырды. Азық-түлік келісім шарт корпорациясымен шарт жасаудан бас тарту себебін олар арзандатылған астықты көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан тасымалдауды қаламауымен түсіндіреді», - делінген баспасөз айғағында.
Бұл ретте Азық-түлік келісім шарт корпорациясының есебі бойынша, тіпті көлік шығындарын есептегенде, бидайдың соңғы бағасы тоннасына 46 000- 47 000 теңгені құрайды. Жалпы алғанда, ұнның бағасы тоннасына 1000 теңгеге көтерілгенде, салмағы 600 грамм «әлеуметтік» нан бар болғаны 40 тиынға ғана қымбаттауы тиіс. Көрсетілген операторларға, сірә, «бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіне» қарағанда, «коммерциялық мүдделер» ұғымы басымырақ болса керек. Алайда, тіпті мұндай жағдайдың өзінде, операторлар пайда табады. Бірақ, мұндай пайданың көлемі олардың көңілінен шықпай отыр. Егер павлодарлық операторлар одан әрі өңірді арзандатылған ұнмен қамтамасыз етуге қызығушылық танытпаса, онда Азық-түлік келісім шарт корпорациясы бұл ұнды өздерінде қайта өңдеуге дайын басқа өңірлердің операторларын ұсынуға және көмек көрсетуге Павлодар облысына жеткізуге дайын. Бұл үшін арзандатылған астықты алуға өңірлердің квоталарын операторлар арасында қайта бөлу туралы тиісті облыстық әкімдіктердің шешімі ғана талап етіледі», - делінген хабарламада.