«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ отандық тауар өндірушілерден 970 мың тонна астық сатып алады

АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ отандық тауар өндірушілерден 970 мың тонна астық сатып алады.
None
None

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында аталған мекеменің басшысы Асылжан Мамытбеков айтты.

Ағымдағы жылғы тамыздың 26-сында өткен ҚР Экономикасын жаңарту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында нарықтан 2 миллион тоннаға дейін астық сатып алу туралы шешім қабылданғандығын еске салған А.Мамытбеков «ол кездегі белгіленген баға тоннасына 26 500 теңге, яғни сол кездегі нарықтық жағдайға сай болатын. Бірақ қазіргі уақытта нарықтық баға күрт өзгеріп, жоғарылап кетті. Осыған орай әрі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» меншігіндегі астықтың еліміздің 1 жылдық сұранысын толық қамтамасыз етуіне байланысты қазіргі сатып алу көлемі 1 миллион тоннаға дейін төменделді. Квоталарды Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітуде. Ол шамамен 970 мың тонна көлемінде бекітіледі», деді.

Оның айтуына қарағанда, қазіргі нарықта астыққа деген сұраныстың артуы көп жағдайда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге өз мүмкіншіліктерін толық пайдалануға жол ашады. Яғни өндіруші астығын мемлекет қорына өткізбей жоғары бағамен сыртқы нарыққа шығаруға қол жеткізеді.

Сондай-ақ корпорация басшысының айтуынша, қыркүйек айында барлық облыс басшыларымен арада қол қойылған меморандум өз жемісін беруде. «Осы құжаттың арқасында соңғы уақытта астықтың бағасы үш есе өссе де нанның бағасы тұрақты сақталып отыр», деді ол өз сөзінде.

Айта кетейік, кешегі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігі «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ның меншігіндегі барлық астыққа және оның түсіміне балансты зерделеп, сонымен қатар азық-түліктік бидай бағасының өсуіне орай, бекітілген азық-түліктік бидайды 2 миллион тонна көлемінде сатып алуды 1,1 миллион тоннаға дейін кеміту турасында өзгерту енгізуді ұсынған болатын. Аталған корпорацияның басшысының мәлім етуінше, осы кеңес барысында сатып алынатын астық көлемін 970 мың тоннаға төмендету турасында шешім қабылданған.

Соңғы жаңалықтар