«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» астық базаларын отандық жеңіл көліктермен қамтамасыз етті
АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамы қарсаңында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» астық базалары үшін 100 пайыз отандық өнім болып табылатын
«Агромашхолдинг» АҚ Қостанай зауытынан «SsangYong» маркалы 7 жеңіл автокөлік сатып алды. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Астық базалары Азық-түлік корпорациясының еншілес кәсіпорыны «Астық қоймалары» ЖШС құрамында. Аталған серіктестік 2001 жылы корпорацияның 100 пайыз қатысуымен астық нарығына қатысушылар қызметінің құқықтық реттелуін қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Оның құрамына бес астық базасы кіреді. Ал «Астық қоймалары» ЖШС-ның астық базаларының жалпы сыйымдылығы 538,3 мың тоннаны құрайды. Ағымдағы жылы оны 560 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
«Астық қоймаларының қолданыстағы техникалары стандарттарға сай келе бермейтін әрі ұдайы шығынды талап етуші еді. Алайда 2011 жылғы астық дақылдарының мол өнімі астық базаларын жеңіл автокөліктермен жабдықтау мәселесін шешуге мүмкіндік беріп, барлық базалар үшін отандық құрастыру болып табылатын «SsangYong» маркасындағы 7 автокөлік сатып алынды», - делінген баспасөз айғағында.